Алматы облысында судья мен сот приставы жемқорлық үшін сотталды

0
18
Фото: Kazinform

 – Алматы облысы Іле аудандық соты Талғар аудандық сотының судьясы А.Б.Байғалиев пен осы соттың приставы К.Ж. Раймбековке қатысты үкім шығарды.

Судья сот приставының делдалдығымен жас баланың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы аса ауыр қылмыс жасаған адамға қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларынан өту шарттарын өзгерткені үшін 2 млн теңге мөлшерінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

«Байғалиев 4 жылға бас бостандығынан айырылып, делдал Раймбековке 20 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, сотталғандар мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», – деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А. Абдрахманова жемқорлық үшін 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз