Антикор 9 өңірде сейсмикалық қауіпсіздікке бөлінген қаражатты тексереді
Антикор сейсмикалық қауіпті өңірлерде дабыл қағу жүйесіне жұмсалатын шығынды тексереді.
Антикор төрағасы жер сілкінісі туралы хабарлау жүйесіндегі жағдайды зерделеуге байланысты шұғыл кеңес өткізді.
Бұған дейін президент Бас прокуратурамен бірлесіп бюджет қаражатының қайда жұмсалғанын анықтауды тапсырды.
Осыған байланысты агенттік қызметкерлерінің арнайы тобы шығынның негізділігін, мемлекеттік сатып алуды жүргізудің заңдылығын зерделеуге кірісті.
Бұдан басқа агенттік жер сілкінісі болуы мүмкін өңірлерде 2018-2023 жылдары сейсмикалық қауіпсіздікке бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына мониторинг жүргізеді. Алматы қаласымен қатар бұл тізімге Шымкент қаласы, сондай-ақ Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары кіреді.
АЛМАТЫДАҒЫ ЖЕР СІЛКІНІСІ
Алматыда 2024 жылдың 22 қаңтарынан 23 қаңтарына қараған түні 5 балдық жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында орналасқан.
Араға бірнеше сағат салып, жер сілкінісі қайталанды. Бұл жолы алматылықтар 2-3 балдық жер сілкінісін сезді.
Үшінші дүмпу таңғы 5 шамасында тіркелді, бұл жолы да 2-3 балдық жер сілкінісі болған.
Бастапқыда жер сілкінісі салдарынан 8 адамның жарақат алғаны айтылды. Алайда Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті 44 адамның медициналық көмекке жүгінгенін, ішінде 35 адамның үйіне жіберілгенін мәлімдеді.
Алматылық мамандар жақын арада қалада жойқын жер сілкінісі болмайтынын айтады. Сондай-ақ олар жер сілкінісі кезінде қалада сирена қосуға қажеттілік болмағанына сенімді. Себебі сирена жер сілкінісі 5,5 балдан жоғары болған кезде іске қосылады.
Дүмпу 24 және 25 қаңтарда да жалғасты.