«Қараөткел» зиратында Алаш қайраткерлерін еске алу рәсімі өтті
Фотолар: Ерлан Омар, «Egemen Qazaqstan»
31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Астана қаласының «Байқоңыр» ауданындағы Қараөткел зиратында еске алу рәсімі өтті,
Еске алу рәсімін ашқан «Қазақ газеттері» ЖШС директоры, алаштанушы академик Дихан Қамзабекұлы: «Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия былтыр қыс мезгілінде қорытынды жариялады. 311 мың адам ақталды. 2 млн 500 мыңдай құжат құпиясыздандырылды. Бұл өте ауқымды жұмыс. Президентіміз: «Алаштың жолы — білім-ғылым жолы», деген еді. Алаш қайраткерлерінің көбінің бейіті жоқ, олардың әрбірінің аты-жөндері, қайғы-қасіреттері, ауыр жолдары туралы естеліктер мен оқиғалар тарихта жазылмайынша ғылыми жұмыстар аяқталды деп айта алмаймыз. Смағұл Сәдуақасов атамыз айтқандай, артымызға анық көңілмен, алдымызға ашық көзбен қарайық, елімізде береке болсын», деді.
Іс-шарада «Байқоңыр» ауданының әкімі Талғат Рахманберді және Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары сөйлеген сөздерінде осындай іс-шаралар жастарға терең ой салатынын тілге тиек етіп, Алаш зиялылары тарихын құрметтеп-бағалау тұрғысындағы істер жалғаса берсін, деген тілек білдірді.
Еске алу рәсімінде Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары, ғалымдар, «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшілері, әкімдік өкілдері, Еуразия Ұлттық университетінің студенттері қатысты.