Қара жолдағы қасірет азаймай тұр

0
144
фото:ашықдереккөз 

Қара жолдан келетін қасірет азаяр емес. Бірнеше ай бұрын полиция департаменті ЖПҚБ жол жүрісін қадағалауды ұйым­дас­ты­ру тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, по­ли­ция подполковнигі Болат Ізбасаров биылғы жеті айда өңірде тіркелген жол-көлік оқиғасының саны 35,9 пайызға кемігенімен, ажал құшқан жасөспірімдер саны 46,2 пайызға артқанын айтып, дабыл қаққан еді.

Шынында да, жол-көлік оқи­ға­сы салдарынан бақилық болған аза­­маттардың саны жыл өткен сайын артып барады. Ереже бұз­ған жүргізушілердің кесірінен та­лай адам өмірмен қош айтысып, ондаған отбасы тірегінен айы­рылды. Жамбылдық полиция қыз­мет­керлері әр оныншы жол-көлік оқи­ғасы жүргізушілердің көлік рулін басқару кезінде ұйық­тап­ ке­туі­ салдарынан болатынын айтып отыр.

Автокөлік жүргізушілерін бы­лай қойғанда, мопед, скутер және самокат тізгіндеген азаматтар­ да жол қозғалысы ережесін өрес­кел бұзып жатыр. Дерекке көз жү­гірт­сек, мопед тізгіндеген тұр­ғын­дардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы салдарынан бір адам қаза тауыпты. Өзекті өртейтін өкініш те осы.

«Рейд барысында облыс орта­лы­ғында полиция қызмет­кер­ле­рінің қатысуымен 87 мопед пен ску­тер жүргізушісі әкім­ші­лік жа­уап­­кершілікке тартылып, 45 мо­то­­­көлік айыптұраққа қойыл­ды. Бір сөзбен айтқанда, жол қоз­ға­­лы­сы ережесін өрескел бұзатын жас та, жасамыс та азаймай тұр. Кө­­ліктің осы бір түрін көбіне
16 жас­тағы кәмелетке толмаған жас­өс­­пірімдер пайдаланатынын айта кет­­кен жөн. Олардың ата-аналары әкім­­шілік жауапкершілікке тартылды, профилактикалық әңгі­ме­­лер жүргізілді», дейді облыстық поли­ция департаменті бастығының бірін­ші орынбасары Құрмет Мәжі­ке­нов.

Полиция департаменті өкілі кел­тірген дерекке сүйенсек, жыл басы­нан бері мотокөліктердің қаты­суымен тіркелген жол-көлік оқиғасының саны едәуір артқан. Ал мопед жүргізушілерінің қаты­суы­мен тіркелген жол-көлік оқиға­сы­ның саны 11-ге жеткен екен. Сал­дарынан бір адам қаза болса, он үш адам түрлі дәрежеде жарақат алып­ты.

«Мопед және скутер жүргізген балалардың қатысуымен 10 жол-көлік оқиғасы тіркеліп отыр. Сал­дарынан бір бала өмірмен қош айтысса, тоғыз бала жара­қат алған. Мәселен, таяуда ғана кәмелет жасына толмаған ску­тер жүргізушісі қарсы бағыт­та­ғы қозғалыс жолағына шы­ғып, «Range Rover» маркалы авто­көлікпен соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан скутер жүргізушісі оқиға орнында қай­тыс болды. Әрине, мұндай өкі­нішті жағдайлар кімді де бол­са ойландырса деген тілек бар», дейді мәселеге жан-жақты тоқ­тал­ған Қ.Мәжікенов.

Полиция департаменті бас­ты­ғының бірінші орынбасарының айтуынша, ата-аналар балалары­на қымбат сыйлықты тарту ет­кенімен, оның арты немен аяқ­та­латынына назар аудармайды. Ал балалар жол қозғалысы ережесін білмейді. Осының кесірінен жасөспірімдердің қатысуымен болатын қайғылы оқиғалар саны кемімей отыр.

«Көбіне жасөспірімдер жол ережесін мүлдем білмей жатып көлік тізгіндейді. Ең өкініштісі де осы болып тұр. Ата-аналар баласына қымбат сыйлық сыйлауға құштар болғанымен, оның салдары туралы ойлай бермейді. Жасөспірімдердің қауіпсіздігіне бас ауыртпайтыны басты әрі өзекті мәселеге айналды. Үлкендер скутер, мопед тіпті велосипед те көлік құралдарына жататынын ұмытпағаны жөн. Кейде осы көлік құралдарының қатысуымен болған апаттардың салдары қайғылы жағдайға әкелетінін қаперден шығарып аламыз. Қысқасы, немқұрайдылықтың соңы орны толмас өкінішке апарып жатыр. Мұндай мәселенің болмауына барлық тарап мүдделі болуға тиіс.

Біз мотокөлік жүргізушілері жауап­кершілік жүгін сезінсе дей­міз. Қандай да бір көлікті тіз­гін­деген адам жол қозғалысы ережесін то­лық білгені абзал. Сонда ғана қай­ғылы жағдайлардың алдын ала­тын мүмкіндік тумақ. Кәмелет жа­сына толмаған балаларға мото­кө­лік әперген ата-аналар мәселенің ба­йыбына тереңінен үңілгені абзал. Тіпті бала 16 жасқа толғанға дейін оған мопед пен скутер сатып әпе­рудің ешқандай қисыны жоқ. Жолау­шы ретінде де осы санаттағы көлік­пен жүруіне рұқсат бермесе деген тілегіміз бар. Ата-аналар ең бірінші кезекте жасөспірімнің қауіп­сіздігіне назар аударуы қажет. Өйткені жасөспірім – бір отба­сы­ның ғана емес, елінің де үміті», дейді Қ.Мәжікенов.

Әлбетте, жасөспірімдердің қаты­суымен болатын жол-көлік оқи­ғасы санының арта түскені кім­ді де болса ойландырмай қой­май­ды­. Бір отбасының үміті мен ертеңі бо­лар өрімдей жастың жол апаты сал­дарынан бақиға аттануы – траге­дия. Бұл өткір мәселемен қо­ғам болып күрескен жөн.

Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ

Жамбыл облысы


Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/zamandas.kz/httpdocs/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 656

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/zamandas.kz/httpdocs/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 657

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/zamandas.kz/httpdocs/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 658

ПІКІР ҚАЛДЫРУ