Астана күні қарсаңында бәйгеден «Елорда кубогы» турнирі өтеді

0
14

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және Бәйге федерациясының ұйымдастыруымен 6 шілде күні, Астана күні мерекесі аясында бәйге түрлерінен «Елорда кубогы» республикалық турнирі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Аламан додаға еліміздің барлық өңірі мен қалаларынан келген таңдаулы жүйріктер қатысады. Сайыс Астана іргесіндегі «Қазанат» атшабарында өтеді. Жалпы жүлде қоры — 24 200 000 теңге, жеңімпаздар маусым чемпиондарын анықтайтын ақтық сынға жолдама алады.

Бәйге бес түрлі қашықтық бойынша ұйымдастырылады:
құнан бәйге (9 шақырым);
топ бәйге (15 шақырым);
аламан бәйге (21 шақырым);
ұшқыр бәйге (5 шақырым);
жорға жарыс (7 шақырым).

Бәйге федерациясының президенті Қанат Көпбаевтың айтуынша, турнирдің басты мақсаты – ұлттық дәстүрлерді сақтау және насихаттау, жастардың ат спортына қызығушылығын арттыру, сондай-ақ Қазақстанның өңірлік этномәдени бастамалардың орталығы ретіндегі рөлін нығайту. Мерекелік шара аясында көрермендер үшін этно-ансамбльдер мен әртістердің өнері қамтылған мәдени бағдарлама да ұсынылады.

Айта кетейік, турнирдің ашылу салтанаты 6 шілде күні сағат 13:00-де басталады. Кіру тегін. Сонымен қатар, «Қазанат» атшабарына №303, №309 және №323 бағытындағы қалалық автобустар қатынайды.

Қала тұрғындары мен қонақтарын Ұлы даланың дүбірін сезінуге, ұлттық спортты бірге дәріптеуге шақырамыз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз