Астанада «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті

0
143
фото: Halyq Uni
Іс-шараны Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырды

Бүгін Астанада ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен «Алтын тұғыр» жүлдесінің он жылдық мерейтойы аясында ұлттық спорт түрлері бойынша үздік спортшылар мен жаттықтырушылар марапатталды, деп хабарлады Halyq Uni.

Жиынға Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, сондай-ақ ҚР Парламентінің депутаттары мен көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты. Салтанатты кешке Қазақстанның барлық аймақтарынан спорт федерацияларының басшылары, спортшылар, жаттықтырушылар мен ұлттық спорт жанкүйерлері де жиналды. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында марапаттау рәсімі өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау сөзін Парламент Мәжілісінің Төрағасы, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов оқыды.

Қауымдастық президенті Исламбек Салжанов жүлде иегерлерін құттықтап, ел тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлерінің танымалдылығы артып келе жатқанын атап өтті.

2024 жылы біз барша қазақстандықтарды салт-дәстүріміз бен мәдениетімізге деген құрметпен бірге ұлттық спорт түрлерімен белсенді айналысуға шақырамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанда ұлттық спорттың жүйелі дамуын қолдайды. Президент бастамасымен келесі жылы Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Осындай шаралардың арқасында елімізде ұлттық спортпен шұғылданатын қазақстандықтардың саны жыл сайын артып келеді. Біздің қауымдастық өз тарапымыздан ұлттық спорт түрлерін дамытып, кеңінен насихаттауды жалғастыра береді, – деп атап өтті Исламбек Салжанов.

2023 жылы он номинация бойынша «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері атанды:

«Тоғызқұмалақ» номинациясы бойынша — Жанат Каймульдин;
«Бәйге» номинациясы бойынша — Бекзат Ділдахан мен Еділ Таймерденов;
«Құсбегі» номинациясы бойынша — Кунтуған Арманбек;
«Көкпар» номинациясы бойынша — «Әулие ата» командасы;
«Аударыспақ» номинациясы бойынша — Сайлау Мұхаметжанов;
«Жамбы ату» номинациясы бойынша — Бексауыт Батыр;
«Теңге ілу» номинациясы бойынша — Бекнұр Серіков;
«Дәстүрлі садақ ату» номинациясы бойынша — Аяулым Аппазова;
«Асық ату» номинациясы бойынша — Палодар облыстық құрамасы;
«JORYQ» номинациясы бойынша — Жетісу облысы командасы;

Сондай-ақ салтанатты марапаттау кеші барысында ұлттық спорт түрлерінен жаттықтырушыларға марапаттар берілді. Олар:

«Тоғызқұмалақ» бойынша Аға жаттықтырушы — Арыстан Қапаев;
«Бәйге» жаттықтырушысы — Мұрат Досбергенов;
«Құсбегі» бойынша Аға жаттықтырушы —Жомарт Кеуенов.
«Көкпар» бойынша Аға жаттықтырушы —Есжан Құрманбай;
«Аударыспақ» бойынша Бас жаттықтырушы —Жанбатыр Бекмұсаев;
«Жамбы ату» бойынша Аға жаттықтырушы — Ербұлан Бекбосынов;
«Теңге ілу» бойынша Аға жаттықтырушы — Ақтілек Сәрсенов;
«Дәстүрлі садақ ату» бойынша Бас жаттықтырушы —Диас Ахметов;
«Асық ату» бойынша бас тренер— Қуан Қалибек.

Сонымен қатар, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Танысбай ұлттық спорт түрлерін дамытуға ақпараттық қолдау көрсетіп, «Мергендер мекені» тележобасын жүзеге асырғаны үшін «Алтын тұғыр» сыйлығының лауреаты атанды.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына 10 федерация кіреді, оның ішінде «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Құсбегі», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Дәстүрлі садақ ату», «Асық ату» және «JORYQ ат спорты» федерациялары бар.

ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Қауымдастық алғаш рет Қазақстан Республикасының ұлттық спорт түрлерін дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Ұлттық спорт түрлері бойынша кадрлар даярлаудың арнайы оқу бағдарламалары әзірленіп, «Ұлттық спорттың жоғары мектебі» құрылады.

Биыл қыркүйек айында ұлттық спорт түрлерін насихаттау бойынша БАҚ өкілдері арасында «Alaman» медиа байқауы жарияланған болатын. 2024 жылы ұлттық спорт әлеміндегі соңғы жаңалықтар көрсетілетін «Ұлттық спорт қауымдастығы» Youtube арнасы ашылады.

Айта кетелік, жыл сайынғы «Алтын тұғыр» сыйлығы ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды кеңінен насихаттау, көрнекті спортшылар мен жаттықтырушыларды ынталандыру мақсатында тағайындалды.

Іс-шараны Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырды. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап кәсіпкер және меценат Исламбек Салжанов Қауымдастық Президенті болып тағайындалды. Салтанатты іс-шара «Amanat» партиясы, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз