Астанада Ботай жылқысына ескерткіш орнатылып, ашық аспан астында музей құрылуы мүмкін

0
136
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

– Қолға алғаш жылқы үйретілген Ботай мәдениетін және ат спортын насихаттау мақсатында Астана қаласында бірқатар іс шара қолға алынады. 

Бүгін Астанада республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков пен Астана қаласы Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Каналимов Меморандумға қол қойды.

Меморандумға қол қойды
Фото: «JORYQ» ат спорты федерациясы баспасөз қызметі

Федерацияның баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 тармақтан тұратын Меморандум екі федерация арасындағы әріптестікті, ынтымақтастықты нығайтуды және ат спортын дамыту мен танымалдығын арттыруды көздеген.

Атап айтқанда, тараптар бірлесе отырып ат спортын тиімді дамытуға бағытталған бастамаларына қолдау көрсетуге, Қостанай және Адай жылқыларының тұқымын, жылқы малы қолға алғаш үйретілген Ботай мәдениетін насихаттау барысында бірлескен жұмыс жүргізуге уағдаласты.

Нәтижесінде Астана қаласының шағын саябақтарының бірінде Ботай жылқысына ескерткіш орнату және саябақты сол тақырыпта абаттандыру мен Астана қаласында ашық аспан астында Ботай мәдениетінің музейін ұйымдастыру бойынша бірлесіп жұмыс атқаруды да жоспарлап отыр.

Сонымен қатар екі федерация ат спортына үлес қосқан азаматтарды жыл сайын қошеметтеу және марапаттау салтанатты шарасын ұйымдастырып, жоғары оқу орындарымен бірлескен шаралар өткізбекші. Бұған қоса қазақ жылқысын, оның қазақ тұрмысы мен мәдениетіндегі орнын насихаттау жолында Астана қаласындағы Жастар театрында арнайы қойылым көрсету бойынша бірлескен жұмыс та қолға алынбақ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ