Астанада конкурдан ел чемпионаты өтті

0
45
Фото: gov.kz

Елордадағы «Арғымақ» ат-сауықтыру кешенінде Тәуелсіздік күніне орай конкурдан Қазақстан чемпионаты өтті, деп хабарлайды  Kazinform қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараның ашылу салтанатына Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Каналимов, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев және «Арғымақ» ат-сауықтыру кешенінің директоры Аманжол Хасенов қатысты.

Қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Сәбитұлы Тәуелсіздік күніне арналған ел чемпионаттың ашылуымен құттықтап, конкурдан жыл басынан бері Астанада бесінші рет ұйымдастырылып жатқанын тілге тиек етті.

Астанада конкурдан ел чемпионаты өтті
Фото: gov.kz

«Бұл күн ата-бабамыздың сан ғасыр бойы аңсаған асқақ арманы мен ақжарма тілегі орындалып, үкілі үміті үстем болып, егемен еліміздің еркін дамуына айқара жол ашқан күн. Сондықтан бұл мереке қасиетті де қастерлі. Бір жыл бұрын Республика күні қолданысқа берілген кешенде аймақтық, қалалық, республикалық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылуда. Ал биылға конкурдан өтіп жатқан бұл бесінші жарыс», – деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, түрлі биіктіктегі 4 бағытта шеберліктерін сынауға тек Астана қаласының 50-ге жуық спортшылары қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауа райының бұзылуы, жолдың жабылуына байланысты еліміздің өзге облыстары қатысудан мәжбүрлі түрде бас тартты.

Астанада конкурдан ел чемпионаты өтті
Фото: gov.kz

Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және қалалық Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының ұйымдастыруымен өтті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ