Асық атудан алғашқы ел чемпионаты Ақтауда өтеді

0
147
Фото: ich.uz

 

Ақтауда наурыздың 23-30 күндері аралығында ұлттық спорт түрлері – «Асық ату» мен «Бес асықтан» алғаш рет Қазақстан Республикасының чемпионаты өтетін болды.

Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша асық атудан аға жаттықтырушы Илесбай Омаров мәлімдеді.

Оның айтуынша «Асық ату» және «Бес асық» ойындарына 2008-2010, 2011-2013 жылдары туған жасөспірімдер қатыспақ.

“Өңірімізде алғаш рет өткелі отырған бұл чемпионат ұлттық спорт – Асық ату және Бес асыққа деген қызығушылықты арттырып, ауыл аудан, қалаларда ұлттық спорт түрін дамыту, бабалардан мирас болған құндылықтарды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Аталмыш додаға республикамыздың 18 өңірінен 288 спортшы қатысып бақ сынайды”, – деді Илесбай Омаров.

Ұлттық спорттың бұл түрі республикамызда кәсіби спорт дәрежесіне дейін көтерілген. Қазірдің өзінде оқушылар арасында ойынға қызығушылық артып, ұлттық ойынның танымалдығы артып келеді. Оқушылар арасында мектеп лигасы, гимназия жарыстары жыл сайын өткізіліп келеді.

Сонымен қатар брифинг барысында чемпионат кезінде ойналатын асық түрлері туралы айтылып өтті.

“Асық алғашқы кезде кішігірім сақа, сүйек, 2016 жылдан бері арқар мен құлжаның асығын пайдаланды. Тәжікстаннан келетін бұл ірілеу келген асық түрін қолқар деп атайды. Қой асығынан бір жарым, екі есе ірі келетін құлжа арқар сақа орнына жүреді. 2019 жылдан бері қарай пластик асық шықты. Салмағы 30 граммды құрайды. Биылғы додада осы пластик асық түрімен ойнайды”, – деді Илесбай Омаров.

Ел чемпионаты Ақтаудағы Ш.Есенов университетінің спорт залында 24 наурыз күні басталады. 25 наурыз чемпионаттың ашылу салтанатты жиыны өтеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ