Ата-ана бала тәрбиесінде ең бірінші неге назар аударуы керек – психолог кеңесі

0
136
Фото: Зарина Қаһарманқызының жеке мұрағатынан

 – Психолог Зарина Қаһарманқызы ата-ананың бала тәрбиесінде ең бірінші неге назар аударуы керектігі туралы айтып берді.

«Баланы үлгілі етіп тәрбиелеудің жолы көп. Соның бірі – балаңызға өз әрекеттеріңіз арқылы үлгі болу. Мысалы, темекі шегетін әке баласына темекші шегуге болмайтыны туралы қанша айтса да, пайда жоқ. Сондай-ақ балаға ұялы телефонды ұстауға рұқсат етпейтін ата-ананың қолынан күні-түні ұялы телефон түспесе, оның баласына несі үлгі? Екіншіден, балаңызды дұрыс шешімі, дұрыс әрекеті үшін қолдап-қолпаштап отырыңыз. Мәселен, ойыншығын өз орнына жинап қойса «Сен ойыншығыңды орнына жинап қойғанда мен сондай қуанып қалдым» деп сезіміңізді сөзбен жеткізіңіз немесе қонаққа барғанда, үйге қонақ келгенде балаңыз сізге қалай қолқанат болғанын айтып мақтап қойыңыз», – дейді психолог.

Оның айтуынша, үлгілі бала мен ыңғайлы бала етіп тәрбиелеуді шатастырып алмау керек. Балаға үнемі таңдау мүмкіндігін беріңіз.

«Қарапайым мысал, таңертең тұрғанда «Ұлым немесе қызым, жұмыртқа пісіріп берейін бе әлде ботқа жегің келе ме?» деп сұрап, балаңыздың қалаған тағамын әзірлеңіз. Бұл болашақта балаңызға таңдау мүмкіндігін дұрыс пайдалануға үйретеді», – дейді Зарина Қаһарманқызы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ