Атыраулық шенеунік жақындарының есепшотымен 23 млн теңге пара алған

0
209

Атырау қаласының №2 сотында мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұра, ірі мөлшерде бірнеше рет пара алу фактісі бойынша Атырау облысы көліктік бақылау инспекциясының бас маманы С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы С. ҚР «Автомобиль көлігі туралы» заңнамасының сақталуына бақылауды жүзеге асыру және ірі габаритті немесе ауыр салмақты көлік құралдарының Атырау облысы аумағынан жүріп өтуін қадағалау барысында заңды тұлғалардың көліктерін тексермей және әкімшілік жауапкершілікке тартпай, олардың Атырау облысы аумағында еркін және кедергісіз қозғалуына ықпал жасағаны үшін 2020-2022 жылдар аралығында барлығы 13 ЖШС-нен пара ретінде бірнеше рет, ірі мөлшерде жалпы соммасы 23 817 000 теңге ақша қаражаттарын жұбайының, анасының, енесінің, әріптесінің жұбайының аттарындағы «Kaspi Gold» қосымшасындағы шоттары арқылы алған.

Көрсетілген мән-жайлар мен сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, ЖТӘ нәтижелерімен, бейнежазбаларымен, арнайы тексеру құжаттарымен, сот фонографиялық, сот психологиялық-филологиялық сараптамалар және аудиторлық қорытындыларымен өз дәлелін тапты.

Тараптардың позициясына келсек, прокурор сотталушы С.-ны өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды талап еткен. Сотталушы өзіне тағылған айыппен келіспей, өзін ақтауды сұраған.

Сот шешімімен, ҚК-тің 366-бабының 3-бөлігінің 3,4-тармақтарының  санкциясында мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 60 еселенгеннен 70 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салу не 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сот С.-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде оның асырауында жас балаларының болуын таныды. Сотталушылардың қабылдаған кәсіби антты бұзуы жазаны ауырлататын жағдай деп танылды.

Сот үкімімен С.-ға өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 8 жыл мерзімге бас  бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ