Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеме жасады

0
58
Фото: АШМ баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Қостанай облысындағы шегірткенің таралуына қатысты пікір білідіріп, салалық министрліктің жұмысын сынады. Оның пікірінше, ведомство зиянкестердің алдын алу жұмысын сапалы жүргізбеген, деп хабарлайды Halyq Uni.

Депутат министрлік мәселені елемей отыр деп есептейді. Сондай-ақ елде зиянкестердің алдын алу жұмысы сапасыз ұйымдастырылды деген пікірде.

Шегіртке «шегіне жетті», яғни, салалық министрліктің жұмысында тағы бір олқылық орын алып отыр. Мұның алдын алу шарттары мүлдем жоқ, ал қазір шегіртке табын кезеңіне жетті. Яғни, бірқатар факторларға байланысты жәндіктердің тығыздалуы мен толып кетуі ұрықтануға әкеліп, үлкен отардың пайда болуы мен жүздеген шақырымға қоныс аударуға дейін жетті. Бұл кезеңде қауіпті зиянкестермен күресу іс жүзінде мүмкін емес. Бұл нашар әрі сауатсыз ұйымдастырылған жұмыстың белгісі, – деп жазды мәжілісмен.

Биыл Қазақстанда егіс алқаптарындағы зиянкестермен күреске 3,8 млрд теңге бөлінген болатын.

Континенттегі италиялық прустың негізгі ошақтары (шегіртке түрі) бізде екенін ескере отырып, бұл жоспарлы шығындар негізделіп отыр. Алайда, нәтижені көргенде, ақша сауатсыз жұмсалып, мақсатсыз кеткеніне көзіміз жетті. Бұл қазірдің өзінде бірқатар көкейкесті сұрақтарды туғызады. Инсектицидтермен жаппай зарарсыздандыруға ғана үміттенудің қажеті жоқ екенін ескеру керек. Бұл тәсіл экологияға теріс әсер етеді, сонымен қатар фаунаның басқа да өкілдерін жояды. Оның ішінде шегірткелердің табиғи жаулары бар, бұл жағдайдың нашарлауына әкелуі мүмкін, – деп қосты Қожаназаров.

«ШЕГІРТКЕ БАР, БІРАҚ 10 МЫҢ ГЕКТАР АЛҚАПТЫ ЖЕМЕДІ» 

Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде Қостанай облысының бірқатар аудандарындағы егіс алқаптарын шегіртке басты деген ақпарат тараған болатын.

АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қаныш Әлиев бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Қазір біз Қостанай облысы Жангелді ауданындағы «Алмас» шаруа қожалығында жүрміз. Жағдайды бақылау үшін келдік. Кеше БАҚ-та  10 мың га жерді шегірткі жеп қойды деген ақпарат тарады. Сол мәліметті тексеру үшін келіп отырмыз. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.Шегірткенің бар екені рас. Бірақ біз уақытылы өңдеп, техниканы әкеліп жұмыс істеп жатырмыз, – деді комитет төрағасы.

Министрліктің мәліметінше, өңірде егістіктерді химиялық өңдеу жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні 260 мың гектарда жұмыс аяқталған, бұл жоспарланған алаңның 70%-ы. Алқаптарды өңдеуге 31 арнайы техника, оның ішінде 9 желдету бүріккіші, 13 аэрозольді газ генераторы, 6 аса жеңіл авиациялық кеме және 3 жеңіл ұшақ жұмылдырылған.

Химиялық өңдеудің тиімділігі өте жоғары, 90-100 пайызға дейін барады. Сондай-ақ Денисов, Наурызым, Амангелді аудандарын шегіртке басқаны туралы ақпарат таралып жатыр. Мен сіздерге жауапкершілікпен ол жерде ешқандай да шегіртке таралмағанын мәлімдеймін. Біз зерттеу жұмыстарын жүргіздік, ол жерде ешқандай шегіртке жоқ деп сеніммен айта аламын. Қостанай және Ақтөбе облыстарында шегіртке егінді жерлерге түсіп, пәленбай мың гектар жерді жеп жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды, – деді Қаныш Әлиев.

Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі Қостанай облысында шегіртке шапқыншылығынан 500 гектарға жуық арпа егістігіне залал келтірілгенін мәлімдеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ