«Қазақша түсінбей қала ма?»: Алматы тұрғыны мектеп атауын екі тілде жазуға қарсы
Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесіп, азаматтардың сұрағына жауап берді. Жиында алматылық әйел мектептер мен аялдамадағы атаулардың қазақ және орыс тілінде қатар жазылатынына қарсы екенін жеткізді,
«Кездесуге келген халықтың 90 пайызы өзге тілде сөйлейтінін байқап отырмыз. Бұл Тәуелсіздік алғанымызға 33 жыл болса да, мемлекеттік тілдің әлі де өзекті екенінің айқын көрінісі. Алматыда қазақтілді мектептер жалпы мектептердің 35%-ын ғана құрайды екен. Оның өзі – мемлекеттік мектептер. Ал жекеменшік мектептермен қосатын болса, онда одан да төмен. 2020 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев «мемлекеттік тіл ортақ тілге айналуы керек» деп үндеу жасады. Сол бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
2022 жылы жарнамалар мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда ғана өзге тілде жазылсын деп көрсетілді. Білім алушылар баратын мектептерде қазақшамен қатар «школа-гимназия» №202» деп жазып қояды. Сонда оқушылар «школа-гимназия» деп орысша аударып қоймаса, қазақша түсінбей қала ма?», деп сұрады Алматы тұрғыны.
Тұрғынның айтуынша, қоғамдық көлікте де «Абай аялдамасы» және «остановка имени Абая» деп қатар қолданылады. Соған байланысты қазақ тілін ортақ тілге айналдыру үшін қандай жұмыс атқарылып жатқанын сұрады.
Қала әкімі Ерболат Досаев тұрғынның сұрағына жазбаша жауап беретінін айтты.
2022 жылдан бастап қалада қандай өзгерістер бар екеніне жазбаша жауап береміз. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, оны дамыту бағытында көп жұмыс істеліп жатыр. Мектептерге келсек, қаламызда қазақтілді лицей, гимназия ашып жатырмыз. Бірінші сыныпқа келген балалардың 90%-ы қазақ тілінде білім алады, – деді Досаев.
Алматы тұрғынының сөзінше, Абай даңғылы бойында Сайын көшесінен Момышұлы көшесіне дейінгі аралықтағы көшелерде жарнамалар қазақ тілінде жазылмаған.
Сондай-ақ Әуезов ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында №97 мектептің апатты ғимаратын бұзу арқылы 600 орынға лайықталған жаңа мектеп салынатыны айтылды. Мектеп жаңа оқу жылында ашылады деп жоспарланған.
«№9 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Нысанның дайындығы 90%, қалған жұмыстарды ескере отырып, осы мектепті осы жылдың тамызында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», – деді Ерболат Досаев.
№72 мектептің ескі ғимаратын бұзып, жаңа ғимараттың құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
№42 мектепке 300 орынға лайықталған қосымша жоба бар. Жұмыстарды 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Әкімдік ақпаратына сүйенсек, Әуезов ауданында 55 мектеп бар, оның ішінде 33 мемлекеттік және 22 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Ол жерде 59 мың оқушы оқиды. Қазір оқушы орны тапшылығы 5 мыңнан асады.