Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құрамына кіруді жоспарлап отырған жоқ – Руслан Желдібай

0
187

Фото: akorda.kz

АСТАНА. ҚазАқпарат – ЕАЭО аясындағы интеграция тек қана экономикалық сипатта ғана жүруі керек. Қазақстан Президентінің негізгі ұстанымы – осы. Бұл туралы Президент әкімшілігі басшысының орынбасары – Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасына жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол алдымен Мемлекет басшысының жақында Мәскеу қаласында өткен II Еуразиялық экономикалық форумға қатысқанын еске салады.

«Президент жиын барысында бүгінде сарапшылар қауымдастығы кеңінен талқылап жатқан бірқатар мәлімдеме жасады.

ЕАЭО аясындағы интеграция тек қана экономикалық сипатта ғана жүруі керек. Бұл – Президенттің негізгі ұстанымы. Оның шеңберінен шығу ұйымның жарғылық құжаттарының мақсаттарына, принциптері мен міндеттеріне қайшы келеді.

Президент атап өткендей, экономикалық интеграция – бұл түпкі мақсат емес, ол экономиканы дамытудың және халықтарымыздың әл-ауқатын арттырудың негізгі құралдарының бірі. Яғни, ұйым асында қабылданатын кез келген шешім оның әрбір мүшесіне және, ең алдымен, олардың азаматтарына пайдасын тигізуі тиіс», – делінген Руслан Желдібайдың жазбасында.

Ол, сонымен қатар түрлі деңгейдегі интеграция мәселесі қозғалғанын атап өтеді.

«Бүгінде ЕАЭО-ның екі мүшесі – Ресей мен Беларусь өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейіне шықты. Бұл – ерекше прецедент. Мемлекет басшысының пайымынша, шын мәнінде, бір халық және бір мемлекет туралы сөз болып отыр. Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың ара-жігін ажырату аса маңызды.

Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ», – деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ