Қазақстан мен Түркия венчурлік серіктестікті күшейтіп келеді

0
10

Алматы қаласында өткен GITEX AI Kazakhstan 2026 аясында ARDVENTURE YATIRIM HOLDİNG A.Ş. мен Astana Hub халықаралық инновациялық кластері арасында ынтымақтастық және серіктестік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат Қазақстан мен Түркия арасындағы технологиялық байланыстарды нығайтуға және венчурлік экожүйені дамытуға бағытталған.

Келісім тараптардың инвестиция, инновация және кәсіпкерлік салаларында ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнатуға ниетті екенін айқындайды. Әсіресе стартаптар мен қарқынды дамып келе жатқан технологиялық компанияларды (scale-up) қолдауға басымдық беріледі. Сонымен қатар, құжат түркі елдері арасындағы трансшекаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтеді.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – стартап жобаларының сапалы ағынын (deal flow) дамыту және бірлескен инвестициялар үшін мүмкіндіктер құру. Тараптар тәжірибе алмасып, стартаптардың бастапқы кезеңінен бастап олардың масштабталуына дейін бағытталған бірлескен акселерациялық және инкубациялық бағдарламаларды іске қосуды жоспарлап отыр. Мұндай бағдарламалар аясында менторлық қолдау көрсетіліп, қаржыландыруға қолжетімділік қамтамасыз етіліп, жаңа нарықтарға шығуға көмек беріледі.

«Түрік тарапымен іскерлік байланыстарды нығайту – бұл жай ғана географияны кеңейту емес, бұл капитал, таланттар мен технологиялар шекарадан еркін өтетін біртұтас инновациялық кеңістік қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадам. Біз экожүйелеріміз арасындағы синергияның жоғары әлеуетін көріп отырмыз және бірлескен бастамалар стартаптар мен инвесторлар үшін жаңа өсу нүктелерін қалыптастырып, өңірдің жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыратынына сенімдіміз», – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев.

Серіктестікте халықаралық форумдар, конференциялар, B2B кездесулер мен салалық семинарларға қатысу да маңызды рөл атқарады. Бұл іскерлік байланыстарды нығайтып, білім алмасуға және стартаптардың шетелдік нарықтарға шығуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «Tech Embassies» – технологиялық өкілдіктер моделін дамытуға ерекше назар аударылады. Бұл бастама трансшекаралық ынтымақтастықты, инновациялық дипломатияны және кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға бағытталған. Болашақта бұл модельді Қазақстан мен Түркиядан бөлек, MENA аймағы мен Орталық Азияға кеңейту жоспарланып отыр.

Аталған меморандум Қазақстан мен Түркия арасындағы инвестициялық және технологиялық ынтымақтастыққа қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл бастама стартаптар, инвесторлар және даму институттары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, тюркі әлемінде біртұтас инновациялық кеңістік қалыптастыруға ықпал етеді.

Айта кетерлігі, іс-шара Қазақстандағы Жасанды интеллект жылы аясында өтіп, AI бағытының мемлекеттік деңгейдегі басымдығын айқындайды. Инфрақұрылым, нормативтік база және адами капиталды жүйелі дамыту технологияларды экономиканың негізгі салаларына енгізудің ұзақ мерзімді негізін қалыптастыруда.