Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
ГлавнаяДуховность

Қазақстан әрқашан бейбітшілікті, тұрақтылықты және халықаралық қауіпсіздікті қолдайтын мемлекет

Алматы халықаралық әуежайында Голан жоталарындағы БҰҰ миссиясы құрамындағы қызметін абыроймен аяқтаған Қазақстанның екінші ұлттық бітімгерлік контингенті әскери қызметшілерін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.

Әуе қорғанысы күштерінің А-400 әскери-көліктік ұшағы Алматыға 70 әскери қызметшіні жеткізді. Оларды құрмет қарауыл ротасы мен әскери оркестр сән-салтанатпен қарсы алды. Бітімгерлерді күтіп алуға Құрлық әскерлері қолбасшылығының, Бітімгерлік операциялар орталығының өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, қарулас достары және сағына күткен ет жақындары мен туған-туыстары жиналды.

Салтанатты шарада сөз алған Қарулы күштер Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев бітімгерлерді құттықтады.

– Қазақстан әрқашан бейбітшілікті, тұрақтылықты және халықаралық қауіпсіздікті қолдайтын мемлекет. Бүгінде еліміздің БҰҰ аясындағы бітімгерлік қызметі жаңа деңгейге көтерілді. Голан жоталарындағы операцияға қатысу арқылы біз толыққанды бітімгерлік әлеуеті бар мемлекеттердің қатарына қосылдық. Бұл біздің әскери қызметшілеріміздің жоғары дайындығын және армиямыздың халықаралық талаптарға сай күрделі тапсырмаларды орындауға қауқарлы екенін дәлелдейді, – деп атап өз сөзінде.

Бас қолбасшы, сондай-ақ, жауынгерлер елден жырақта жүргенде төзімділік танытып, тілеулес болған бітімгерлердің отбасыларына ерекше алғысын білдірді.

Елге оралған топтың жетекшісі майор Әнуар Арынғазиевтің айтуынша, қызмет атқару кезеңінде екінші бітімгерлік контингент мыңнан астам тапсырманы сәтті орындаған. Атап айтқанда, 798 рет патрульдеу жүргізсе, 56 жаттығу жиынын өткізіп, 63 жарылғыш заттың көзін жойды. Сонымен қатар, ресми тұлғаларды 15 рет аман-есен алып жүруді қамтамасыз етіп, 57 уақытша бақылау бекетін құрды.

Бітімгерлердің отбасыларымен қауышқан кезі салтанатты іс-шараның ең әсерлі сәті болды. Сағынысқан ағайын-туыстары  жауынгерлерді зор қуанышпен және мақтаныш сезімімен құшақ жая қарсы алды.

– Бүгін Голан жоталарындағы БҰҰ миссиясы құрамында күрделі әрі жауапты міндеттерді атқарған отағаларымыз үйге оралды. Олар үшін қатты уайымдап, тағатсыздана күттік. Сондықтан бүгінгі күн біз үшін ерекше, – деді ефрейтор Еркебұлан Қадиевтің жұбайы Перизат Қадиева.

Қазақстандық әскери қызметшілердің БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысуы еліміздің халықаралық беделін нығайтуға, жеке құрамның кәсіби даярлығын шыңдауға және шетелдік контингенттермен өзара іс-қимылды кеңейтуге зор үлес қосады. Осылайша, Қазақстан халықаралық қауіпсіздік, тұрақтылық пен ынтымақтастық қағидаттарына адалдығын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Бітімгерлердің екінші тобы елге 28 мамырда келеді деп жоспарланғанын айта кеткен жөн.

Сәйкес жаңалықтар

Мажилис рассмотрит отчеты об исполнении республиканского бюджета за 2023 год

В Глубоковском районе проходит театрализованный конкурс «Мой выбор — закон»

Кино в эпоху искусственного интеллекта: в Казахстане пройдет международный AI Film Festival