Қазақстан Қытай бағытына жаңа теміржол құрылысын бастады

0
57
Фото: primeminister.kz

Абай облысында ұзындығы 272 шақырымды құрайтын Бақты – Аягөз жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов телекөпір арқылы құрылыс жобасын ресми түрде іске қосты, деп хабарлайды Kazinform Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоба Президент Қ.Тоқаевтың еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. Жаңа желіні салу барысында Қытаймен Бақты – Шәуешек үшінші шекара өткелін ашу жоспарланып отыр.

Жалпы Бақты – Аягөз теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін 28 млн-нан 48 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, оңтүстіктегі өткізу бекеттеріндегі кептелістерді жоюға және қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік береді. Теміржол 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

теміржол
Фото: primeminister.kz

Ауқымды жоба жеке инвестордың қатысуымен МЖӘ қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Құрылыс барысында 11 станция, 47 көпір, 23 теміржол және 8 автомобиль өткелі, 5 жаяу жүргіншілер көпірі, 16 бақылау құрылыстары салынады. Осы мақсатта отандық өндірушілерден 500 мың бірліктен астам шпал және 36 тонна рельс сатып алу жоспарлануда. Жергілікті қамту кем дегенде 85% құрайды деп күтіліп отыр.

Премьер-Министр былтыр теміржолдармен тәуелсіз Қазақстанның 30 жылындағы ең жоғары жүк көлемі тасымалданып, 245 млрд тонна-километрді құрағанын атап өтті. Мұндай жоғары қарқын геосаяси жағдайларға және инфрақұрылымдық шектеулерге қарамастан биыл да сақталып отыр.

теміржол
Фото: primeminister.kz

«Соңғы бес жылда контейнерлік транзиттік тасымал көлемі 3,2 есе өсті. Қолданыстағы транзиттік дәліздер кеңейіп, жаңалары ашылуда. Транскаспий халықаралық көлік бағыты, Солтүстік-Оңтүстік және Онтүстік дәліздері айрықша маңызға ие болып отыр», — деді Әлихан Смайылов.

Қазіргі таңда өткізу мүмкіндігі мен инфрақұрылымдық қуат өз шегіне жетті. Осы стратегиялық маңызды мәселені шешу үшін теміржол саласында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар бар.

Олардың қатарында Достық – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желілерінің құрылысы мен басқа да жобалар іске асырылуда. Алдағы үш жылда республикада барлығы 1300 шақырымнан астам теміржол салынады.

теміржол
Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр магистраль құрылысы 1700-ден астам адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз ететінін атап өтті. Кеніштерді игеру және жүктерді түсіріп-тиеу бекеттерін ашу да жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

«Мұның барлығы Абай облысының ғана емес, бүкіл еліміздің экономикасына оң әсерін тигізеді. Бақты – Аягөз жобасы Қазақстан теміржол желісінің әлемдік көлік жүйесіне ықпалдасуын кеңейтеді», — деді Әлихан Смайылов.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов атап өткендей, жаңа желі қазақстандық экспорт көлемін, сондай-ақ Ресейден Қытайға және кері бағыттағы жүк транзитін арттыруға мүмкіндік береді.

теміржол
Фото: primeminister.kz

«Бұл желі арқылы Абай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан және басқа өңірлерден келетін тауарлар өтеді. Екі жолды желі құрылысы – бірден жеткілікті қуаттылыққа ие болуға кепіл болып табылады. Жалпы бұл транзиттік жүктердің қосымша ағынын ашып, жақын маңдағы аймақтарды дамытуға серпін болмақ», — деді ол.

Іс-шараға Абай облысы әкімдігінің, Көлік министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылары, теміржол саласының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.

теміржол
Фото: primeminister.kz

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз