Қазақстанда өмірге келген төртемдер саусақпен санарлық болса, соның бірі СҚО-да тұрады

0
193
Фото: Ивановтар отбасының жеке мұрағатынан

 

– Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылында төртем – Мария, Екатерина, Антонина және Елизавета Ивановалар тұрып жатыр. Қыздар 2011 жылдың 11 маусымында Андрей мен Светлана Ивановтардың отбасында дүниеге келді. Қазір төртемнің жасы 12-де, 6-сыныпта оқиды. Тілшіміз қыздардың анасына хабарласып, олардың бүгінгі жағдайын білді.

– Светлана, төртем болатынын қашан білдіңіз? Қалай қабылдадыңыз?

– Құрсағымда төрт бала барлығын жансақтау бөлімінде есімді жиғасын, нәрестелер дүниеге келгеннен кейін ғана білдім. Өйткені босанғанға дейін үшем деп келген едік. Барлық ультрадыбыстық зерттеулер де төртінші баланы көрсетпеді. Сондықтан, шынымды айтсам, күтпеген жағдай болды. Мені реанимацияда оятқан дәрігер төрт қызың бар, барлығының денсаулығы жақсы дегенде, айналам түрлі түске бөленіп, жарқырап кеткендей сезімде болдым. Өмірімде болуы мүмкін ең керемет – осы төрт қызымның дүниеге келуі.

төртем
Фото: Ивановтар отбасының жеке мұрағатынан

– Жүктілік қалай өтті, оңай болмаған шығар?

– Ия, әрине, құрсақтағы сәбилерді сақтау үшін үш рет ауруханада жатып шықтым. Ісініп, бүйрегіме әсер етті. Аяқ киім өлшемім жай кезде 36 болса, жүктілік уақытында 38 кидім. Жаздың басы, күн ыстық, шөлдеймін, бірақ көп су ішуге болмайды. Әрі кеш токсикоз, оңай болған жоқ.

– Төртемнің анасы болу қалай екен? Ең қиыны Сіз үшін не?

Қазір жақсы, өсті, 12 жаста. Үй шаруасына көмектеседі, кешке қолдары босағанда кезекпен шайға түрлі тәтті пісіреді. Ал кішкентай болғанда төрт қыз үйді көшіріп жібере жаздайтын. Түнімен ұйқы жоқ. Перзентханадан келгесін үш ай бойы бел шешіп ұйықтаған жоқпын. Төрт қыздың біреуінде күн мен түн ауысып кетті, қалғандары ұйықтағанда ол оянып, үш қыз оянғанда керісінше ол ұйықтайтын.

Ал серуенге шығу өз алдына бір оқиға. Үйде тағы біреу болмаса далаға шығару мүмкін емес. Кезек-кезек киіндіріп, сосын бірінен соң бірін шығарып, екі қол арбамен жүретінбіз. Кішкене есейіп, өздері жүгіріп ойнайтын болғанда ашық алаңды таңдайтын болдым, үнемі көз алдымда болуы үшін. Сондай-ақ көпшілікті егіздерді неге бірдей киіндіретіні қызықтырады. Бұл қауіпсіздік үшін керек, олардың бірдей киімі арқылы қайда жүргенін байқау жеңілірек.

төртем
Фото: Ивановтар отбасының жеке мұрағатынан

Ең қиын сәттен өтуге, өсіруге көмектескен, ақылшымыз, қолдаушымыз болып жүрген ата-аналарымызға рахмет. Олар қыздар кішкентей болғанда біздің үйде қона жатып көмектесті.

Учаскелік педиатормен де жолымыз болды. Сол кезде еңбек еткен Айнұр Имантайқызының арқасында бір рет те ауруханада жатқан жоқпыз. Дәрігер үйге келіп, балалардың жағдайын көріп, ақыл-кеңесін беріп кететін.
Жалпы, бізде біреуі ауырса, ол қалғанына жұғып бәрі ауыратын. Біреуінің ыстығын түсіріп жатсаң, екіншісінікі көтеріледі. Қазір мұның бәрі артта қалды. Бірақ олар үшін үнемі алаңдап отырамын, ол барлық аналарға тән ғой, қалай болып бой жетеді, дұрыс тәрбие бере аламыз ба, ауырып қалмаса екен, тағысын тағылар. Бұрын кішкене өскесін қатты уайымдамаймын деп ойлайтынмын, өйткені балабақшадан алып келгесін ауырып қала ма деп бір ойлайсың, апара жатып, басқалармен төбелесіп қалмай, аман-есен үйге келсе екен деп тілейсің.

анон
Фото: Ивановтар отбасының жеке мұрағатынан

– Мамандығыңыз кім, жұмыс істей алдыңыз ба, әлде төртеммен үйде отырдыңыз ба?

– Қыздар екіге толысымен-ақ жұмысқа шықтым. Өйткені жолдасымның табысы жетпеді. Мен жұмыста болғанда балаларға күйеуім мен әжелері, аталары қарады. Дүкенде 15 жылдан астам уақыт сатушы болып еңбек етемін.

– Әдетте күндеріңіз қалай өтеді?

– Бізге үнемі уақыт жетпей жатады. Үнемі қарбаластамыз. Дүйсенбі мен жексенбіден басқа күндері қыздар таңертең «Мерей» өнер мектебіне хореографияға барады. Оған әкесі немесе атасы алып барады. Өйткені жалғыз жіберуге қаңғыған иттерден қорқамыз, соңғы уақытта олар көбейіп кетті. Өнер мектебінен келісімен түскі астарын ішіп сабаққа кетеді. Олар мектепте болғанда мен кешкі ас пісіремін, үй жинап, кір жуамын. Кешкі тамақ ішкеннен кейін үй тапсырмасын орындауға отырады.

анон
Фото: Ивановтар отбасының жеке мұрағатынан

Қазір оқулары орташа, қызығушылық төмендеді, жасөспірімдік шаққа өтіп жатыр ғой. Оқу озаты да, үшке оқитыны да бар. Кілең беске оқуды талап етпейміз де. Біз үшін бастысы дендері сау, тәрбиелі, ақылды болып бойжеткені.

– Мінездері ұқсас па? Есейгенде кім болғылары келеді?

– Жоқ, әртүрлі, өскен сайын өзгеріп жатыр. Сабақ үлгерімі де бірдей емес. Мария – менің бірінші көмекшім, қолқанатым, алғыр. Екатерина – ұл мінезді, тентек, бірақ сабағын жақсы оқиды. Елизавета – ешкіммен ісі жоқ, тыныш қана өз жұмысын істейді, алайда сәнденгенді ұнатады. Антонина болса бірбеткей, айтқанынан қайтпайды.
Сосын оларды қазір бұрынғыдай бірдей киіндіре де алмайсың, талғамдары әртүрлі. Сауда орталығына апарамыз, мысалы, «бүгін футболка мен жейде аламыз» деймін, олар өздеріне ұнағанын таңдап алады. Қыздар ғой, сәнқой, үйде әрқайсысының өз үстелі, айнасы бар. Бөлек-бөлек әшекейлерін сақтайды.

Ал мамандыққа келер болсақ, таңдаулары күнде өзгереді. Бірде хореограф боламыз деді, кейін фотограф, сосын сән салонын ашамыз деп шықты. Бір қызым енді ветеринар болам деп жүр. Әлі 6-сыныпта ғана оқиды, уақыт бар, бір тоқтамға келер.

анон
Фото: Ивановтар отбасының жеке мұрағатынан

– Қыздар арасында өзара бәсекелестік бар ма?

– Болып тұрады, кейде ұрсысып та алады. Мен оларға «сендер бақыттысыңдар, төртеусіңдер, бір-біріңде барсыңдар. Бір-біріңе қолдау көрсетіп, іштегі сырларыңды айта аласыңдар. Бір-біріңді бағалаңдар, жақсы көріңдер» деп үнемі айтып отырамын. Сосын біреуін мақтап қойсаң, көбірек көңіл бөліп қойсаң, аздап қызғаныш туады.

төртем
Фото: Ивановтар отбасының жеке мұрағатынан

– Қыздардың тәрбиесінде неге басымдық бересіз?

– Бұрын физикалық тұрғыда қиын болса, қазір өздері киінеді, сабақтарын оқиды. Бірақ мінездері өзгеріп жатыр. Бұйыра сөйлемей, ақылмен, тең адамша қарым-қатынас орнатуға тырысамын. Досы сияқты сырласа алатындай тәрбиелеп жатырмын. Отбасы үнемі бірінші орында тұруы керек екенін айтып, мейірімділікті, еңбекқорлықты, жауапкершілікті, үлкенді сыйлауды бойларына сіңіріп жатырмын деп ойлаймын.

– Рахмет!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ