Қазақстандық ғалым Токиода марапатталды

0
151
фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Токиода ЕҰУ профессорына геотехника саласына қосқан үлесі үшін сыйлық берілді, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Жапония астанасы Токиода Еуразия ұлттық университетінің профессорына ЕҰУ геотехникалық институтының директоры Асқар Жүсіпбековке жапондық геотехникалық және қазақстандық геотехникалық қауымдастықтар арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтудағы ерекше еңбегі үшін Жапон геотехникалық қауымдастығының сыйлығы берілді. Марапатты Жапония геотехникалық қауымдастығының президенті Юничи Косеки тапсырды, деп мәлімдеді Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Профессор Асқар Жүсіпбековтің күш-жігерінің арқасында ЕҰУ-дың 20 докторанты Жапонияның жоғары оқу орындарында ғылыми тағылымдамадан өтті. Сондай-ақ 20-дан астам жапондық профессор Қазақстанның жоғары оқу орындарында дәріс оқыды. Киото университетімен және Осака қаласындағы гео-зерттеу институтымен бірлесіп, Астана үшін геоақпараттық деректер базасы әзірленді, – деп толықтырды ведомство.

ЕҰУ ғалымы 20-дан астам жапон университеті мен ірі жапон геотехникалық орталықтарына дәріс оқыды. Оның ғылыми жетекшілігімен Жапония, Тайвань, Түркия, Тәжікстан, Ирак, Үндістан, Камбоджа, Ресей, Беларусь және әлемнің басқа елдерінен докторанттардың докторлық диссертациялары қорғалды. Сондай-ақ Жапонияда, Қазақстанда және әлемнің басқа елдерінде, атап айтсақ Австралия, Гонконг, Оңтүстік Корея, Ресей, Тайвань, АҚШ, Польша, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка және әлемнің басқа елдерінде 30-дан астам халықаралық геотехникалық конференция ұйымдастырылды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ