ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАР ӘЛЕМДІК ҒЫЛЫМИ ЖАҢАЛЫҚТЫҢ АВТОРЫ АТАНДЫ

АҚШ-тың ең көне ғылыми басылымдарының бірі Science журналында 40 ұйымнан құралған халықаралық ғылыми топ әзірлеген «Қазіргі селекция әдістері пайда болғанға дейінгі мыңдаған жылдар бойындағы иттердің кең алуан түрлілігі» атты мақала жарияланды. Зерттеушілер қатарында қазақстандық археологтар, соның ішінде Торайғыров университетінің зерттеушілері – В.К.Мерц және И.В.Мерц және Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің зерттеушілері – Э.Р.Усманова, В.В.Варфоломеев енген.
Жұмыс барысында плейстоцен дәуірінен қазіргі уақытқа дейінгі әртүрлі географиялық аймақтардан жиналған материалдар зерттеліп, бүгінге дейінгі ең кешенді нәтижелер ұсынылды. Зерттеуді Ұлыбританиядағы Эксетер университеті және Францияның Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығы үйлестірді. Жұмыс 2012 жылы басталып, соңғы 50 мың жылда өмір сүрген иттер мен қасқырлардың 643 заманауи және археологиялық бас сүйегі талданды. 600-ден астам ежелгі және қазіргі заманғы үлгілерді 3D-сканерлеу нәтижесінде голоценнің бастапқы кезеңіндегі иттердің пішіндік әртүрлілігі бүгінгі деңгеймен салыстыруға болатыны анықталды. Бұл қазіргі ит тұқымдарына тән көптеген морфологиялық айырмашылықтардың терең ежелгі тамыры бар екенін және олардың үй жануарына айналғаннан кейін көп ұзамай пайда болғанын көрсетеді.
Зерттеу барысында ғалымдар иттердің қазіргі кездегідей түрішілік әртүрліліктің қашан пайда болғанын анықтады. Сүйек пішінін талдаудың заманауи әдістерін қолдана отырып, ондаған мың жыл бұрынғы археологиялық үлгілер арасында жеке морфологиялық формалардың қалыптасуын қадағалады. Нәтижелерге сәйкес, иттердің көлемі мен пішіні бойынша жіктелуі кемінде 11 000 жыл бұрын басталған. Мезолит пен неолит дәуірлерінде иттер пішіні мен мөлшерінің кең спектрін көрсетті. Бұл олардың алғашқы адам қауымдастықтарындағы әртүрлі рөлдерін (аңшылық, мал бағу, серіктестік қызметтерін) айқындайды. Осы кезеңнен кейін морфологиялық вариациялар қарқынды көбейіп, белгілі тұқымдардың қалыптасуына жол ашты.
Зерттеу нәтижелері XIX ғасырдағы селекция әдістерімен ғана иттердің алуан түрлілігі қалыптасты деген дәстүрлі гипотезаларды теріске шығарады. Үй иттерінің бас сүйегі пішіні мен көлеміндегі айырмашылықтар қасқырлардан бөлінгеннен кейін-ақ мыңдаған жыл бұрын болғаны дәлелденді. Сонымен қатар плейстоценнің соңғы кезеңіне жататын үлгілерде үй жануарларына тән морфология әлі байқалмаған, бұл алғашқы иттердің пайда болу процесінің күрделілігін көрсетеді.










