Қазақстандықтарды Ресей әскерінің қатарына шақырған хабарландырулар шықты
Интернетте қазақстандықтарды Ресей әскеріне қызметке шақырған жарнамалар пайда болды. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Хабарландыруда келісімшартқа отырғандарға 495 мың рубль (2 млн 400 мың теңгеден астам), сондай-ақ ай сайын кемінде 190 мың рубль (900 мың теңгеден астам) жалақы төленетіні айтылған. Сондай-ақ Ресей мен Қазақстанның тулары бейнеленген және «Иық тіресе» деген ұран жазылған.
Жарнамаларда жұртшылықты Ресейдің қиыр шығысындағы Сахалин аймағындағы Ресей әскеріне қосылу мүмкіндігін ұсынатын веб-сайт көрсетілген. Сайт Сахалин облысының адами капиталды дамыту агенттігіне тиесілі, – делінген жазбада.
Ескерту: елімізде Қазақстан азаматтарының шетелдегі әскери қақтығыстарға ақылы түрде баруы заңсыз саналады.