Қазақстанның үш облысын байланыстыратын жол ашылды
Ұзындығы 81 шақырым болатын «Құрты-Бұрылбайтал» автожолының қайта жаңартудан өткен учаскесінде қозғалыс ашылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бүгін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар «Құрты-Бұрылбайтал» автожолының 2214-2295 шақырымы аралығындағы қайта жаңартудан өткен учаскесінде (Алматы облысы бойынша) жол қозғалысын ресми түрде ашты. Ұзындығы 81 шақырым болатын учаске – «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізінің маңызды бөлігінің бірі.
«Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізі Алматы, Жамбыл және Қарағанды облыстарын байланыстырады. Оның халықаралық, облысаралық, жергілікті көлік және жүк тасымалын қамтамасыз етуде маңызы зор. Қайта жаңарту жобасы барысында осы дәлізге қарасты Алматы облысы бойынша 166 шақырым жолды жаңарту жоспарланған. Ұзындығы 81 шақырым болатын «Құрты-Бұрылбайтал» учаскесінің қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Ол Жамбыл және Алматы облысының шекарасынан басталып Қаншеңгел ауылына дейін созылып жатыр. Қайта жаңартудан өткен автожол І-б техникалық санатына ауыстырылып, екі бағытта төрт жолақты қозғалыспен қамтамасыз етілді. Жобаны іске асыру барысында 3 млн текше метрден астам жер жабыны орналастырылып, 1,5 млн текше метрден аса үш қабатты асфальтбетон төселді. Сондай-ақ, 8 көпір мен 66 суөткізгіш құбыр орнатылды. Автожолдың жаңа учаскесі қауіпсіз жол қозғаласының заманауи талаптарына сай және жол қозғалысын ұйымдастыру үшін барлық қажетті құрылғылар орнатылған.
Жолдың көлік пайдалану деңгейінің жоғары болуына байланысты қайта жаңартудан өткен төрт жолақты автожолда жүру уақыты айтарлықтай қысқарды. Бұл өз кезегінде Қытай, Ресей мен Орталық Азия елдер арасындағы транзиттік тасымалдың өсуіне әсер етіп, Балқаш көліне қарай туристердің санының артуына септігін тигізбек.