Балтық теңізінен ХІХ ғасырда батып кеткен шампан тиелген кеме табылды

0
613
Фото: Marek Cacaj/Baltictech

— Поляк сүңгуірлерінің бірегей олжасы – бортында шампан коллекциясы тиелген ХІХ ғасырда суға батқан кеме. Бағалы бөтелкелер еш бүлінбеген, деп жазады Еuronews.

Жақында бір топ поляк мамандары Балтық теңізіне экспедиция кезінде ескі балық аулаушы қайығына ұқсас батып кеткен кемеге тап болды. Бастапқыда ешқандай ерекшелік байқалмағанымен, сүңгуір Марек Какай мен Павел Трушинский кемені терең зерттеуге бел байлады.

Олардың қызығушылығы бекер болмады: Балтық теңізінің 190 фут тереңдігінде тамаша сақталған ХІХ ғасырда батып кеткен желкенді кеменің ішінен шампан коллекциясы табылды.

Сүңгуірлер тобының жетекшісі Томаш Стачура суға батқан кемеден табылған заттар – минералды су бөтелкелері, фарфор, шампан – Стокгольмдегі король дастарханына немесе Санкт-Петербургтегі орыс патшасының резиденциясына қарай бара жатқан болуы мүмкін деп болжайды. Алайда кеме апатқа ұшыраған.

– Менің дайвингпен айналысқаныма 40 жылдан асты және менің тәжірибемде апатқа ұшыраған кемелерден бір-екі бөтелке табылатын, бірақ дәл мұндай үлкен бөтелке қорын бірінші рет көруім, – деді Стачура Associated Press агенттігіне.

Кеме бортынан алкогольден басқа, Selters жапсырмалары бар керамикалық бөтелкелер де табылды, бұл минералды сулардың емдік қасиеті бар деп есептелді. Шампан маркасы әлі анықталған жоқ, бірақ Стачураның айтуынша, шампан тығынан «R» әрпін анық байқауға болады.

Селтерс-ан-дер-Лан компаниясының шампан сарапшылары мен минералды су жеткізушілері бөтелкелерге зертханалық зерттеу жүргізуге қызығушылық танытты. Стачура суға батқан кемені зерттеу бойынша әрі қарайғы шешімді Швеция билігі қабылдайтынын атап өтті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ