Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықЖаңалықтарҒылым-Білім

«5-9-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» оқу пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасын жетілдіру жолдары»

Мемлекеттік тілді дамыту институтының ұйымдастыруымен 2026 жылғы 5 қазанда «5-9-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» оқу пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасын жетілдіру жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынның өтуіне себеп 5-9-сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқу пәнінің жаңа оқулықтары жазылатын жаңа бағдарламаның әзірленуі.

Қазақ тілі мектептегі негізгі пән болғанымен оның мақсаты мен мазмұны әлі күнге дейін нақты айқындалмай, бағдарлама ауысқан сайын өзгеріп отыр. 2016 жылдан бері жаңартылған мазмұндағы бағдарламамен оқып келеміз. Оның кемшіліктері сол алғашқы жылдардан ақ айтылуда. Соған қарамастан ұсынылып отырған «жаңа» бағдарлама бұрынғыдан еш өзгермеген.

Жиын Мемлекеттік тілді дамыту институтының ғылыми қызметкерлері Динара Мейрамбекқызы мен Майра Жұбандыққызының қолданыстағы және ұсынылған жаңа бағдарламаға жан-жақты жүргізген салыстырмалы зерттеу баяндамаларымен басталды. Кейін жиынға қатысқан «Qazaq Tili Halıqaralıq Akademiyası»-ның президенті, ҚР ҰҒА академигі Ерден Қажыбек, филолгия ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек, Назарбаев университетінің профессоры, алаштанушы-ғалым Айгүл Ісмақова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, мектеп оқулықтарының авторы Жәмиля Отарбекова, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Анар Салқынбай, педагогика ғылымдарының докторы Жанат Дәулетбекова, педагогика ғылымдарының кандидаты Шынар Қапантайқызы, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздары Мейрамгүл Барқазатқызы, Ақмарал Шатемірқызы және өзге де тілші ғалымдар мен ұстаз, оқытушылар жаңартылған бағдарламаның мазмұны бойынша түрлі ұсыныс, пікірлермен бөлісті.

Динара Мейрамбекқызы баяндамасында атап өткендей, қолданыстағы бағдарлама мен ұсынылған бағдарлама арасында айырмашылық 17,3% көрсеткішті ғана құраған. Жаңартылған бағдарлама үшін бұл тым аз. Жаңа нұсқада лексико-грамматикалық тақырыптардың кейбірі қайта қаралып, ЖИ туралы талаптар ғана қосылған. Бұл өз кезегінде жаңа бағдарламаның бұрынғысынан түк өзгермегендігін көрсетеді. Бағдарлама қате боп тұрған кезде оқулыққа деген сын да жалғаса бермек.

Болашақта жұртым дейтін бала болу үшін дәл қазір бізге балам дейтін жұрт болмақ керек. Дөңгелек үстелге қатысушылар оқу бағдарламасы жекелеген авторлардың монографиясы емес, бүкіл қоғамның, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың болашағына тікелей әсер ететін маңызды құжат екенін ерекше атап өтті.  Жиын қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысты ұсыныс-пікірлер қамтылған қарар әзірленіп, тиісті орындарға жіберілетін болды.

 

 

Сәйкес жаңалықтар

Бауыр трансплантациясы өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі болды

Қаза тапқан Қазақстан азаматтарының тізімі жарияланды

Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухты «Алтын Қыран» орденімен марапаттады