Биыл елімізде суперкомпьютерлер іске қосылады

0
56
Фото: Pixabay

 – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Инновациялар дамыту департаментінің директоры Дархан Мырзабаев елімізде жыл соңына дейін супекомпьтерлердің іске қосылатынын және оның артықшылығы туралы айтып берді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдың соңына дейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры және Group42 компаниясымен бірлесіп неғұрлым заманауи технологияларды пайдалана отырып, суперкомпьютер іске қосылатын болады. Осы орайда біздің министрліктің пайымы – мамандандырылған деректер орталықтарында орналастыра отырып, есептеу қуатын жалға алу және сатып алу түрінде технологиялық инфрақұрылымды (суперкомпьютер) құруды көздейді. Жасанды интеллект үшін қажетті есептеу ресурстарының көлемі мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, ғылыми қоғамдастықтың және жеке сектордың қажеттіліктеріне сәйкес айқындалатын болады», – деді Дархан Мырзабаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Департамент директорының айтуынша, экономика секторлары, ақпараттық технологиялар, қаржылық қызметтер, денсаулық сақтау, энергетика және өндірісті қоса алғанда, жасанды интеллектіден айтарлықтай пайда көреді.

«Суперкомпьютер – жасанды интеллект модельдерін құруға қызмет етеді және ғылыми, академиялық ортаға, сондай-ақ жасанды интеллект өнімдерін жасауда коммерциялық мақсатта қол жетімді болады. Бұл жасанды интеллект саласындағы есептеу ресурстарына сұраныстың артуын қанағаттандырады. Одан бөлек, технологиялық инфрақұрылымды (суперкомпьютер) іске қосу Қазақстанның Орталық Азиядағы жасанды интеллектіні дамыту саласындағы көшбасшылығын айқындайды және отандық компаниялар мен көршілес елдер үшін есептеу қуаттарын (суперкомпьютер) жалға алуға мүмкіндік береді», – дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай елімізде цифрлық кодекс және жасанды инттелект туралы заң жобасы әзірленіп жатыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ