Блогерлер салық төлеп, әлеуметтік желілер қазақша «сөйлейді»
15 мамырда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында онлайн платформалар және онлайн жарнама мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралды. Ол қандай өзгерістер?
Енді заңнамада «инфлюенсер» ұғымы бекітілетін болады. Ал әлеуметтік желілерде жарнама орналастыратын азаматтар салық төлеуге міндеттеледі. Яғни, қазір «блогер» аталып жүрген әлеуметтік желіде аудиториясы бар, сол арқылы жарнама орналастырып, ақша тауып жүрген азаматтарға салық салынатын болады.
Депутаттар бұл қадам әлеуметтік желілерде қаржылық пирамидалар мен жалған қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, халықтан ақша жинап жатқандардың көбейгеніне байланысты жасалып отырғанын айтты.
Сонымен қатар парақшасына жарнама орналастырған блогерлер оның жарнама немесе PR материал екенін, яғни оған ақы төленгенін көрсетуі керек. Яғни, контентке арнайы белгі қойылады, яғни халық контенттің жарнама екенін білуі керек. Депутаттардың сөзінше, бұл – әділеттілік мәселесі және жеке тұлғалардың құқығын қорғау.
Сондай-ақ инфлюенсерлердің арнайы шоты болуы керек. Сол арқылы кіріс-шығыс туралы барлық ақпарат, салық төлемдері ашық болады.
Заң жобасының тағы бір бөлігі тікелей онлайн платформаларға арналған. Бұл нормалар әлеуметтік желілерге, 100 мыңнан астам қолданушысы бар TikTok, Instagram сияқты платформаларға қатысты.
Депутаттардың түсіндіруі бойынша, мұндай онлайн платформалардағы контентті қазақ тіліне автоматты түрде аудару жүйесі енгізіледі және онлайн платформалардың өздері де қазақ тіліндегі контентті модерациялай алуы керек. Яғни, әлеуметтік желілердегі қазақ тілінің қолданылу мәселесі де қамтылған.
Сонымен қатар заңға «жалған ақпарат» және «заңсыз ақпарат» ұғымдары енгізіледі. Бұл үшін 2 АЕК айыппұл белгіленбек. Депутат Айдос Сарым бұл кибербуллинг туралы заңды әзірлеу кезінде көтерілген бастамалардың жалғасы болатынын түсіндірді және сөз бостандығы шектелмейтінін айтты.
Айдос САРЫМ, Мәжіліс депутаты:
Заң баспасөз бостандығын, сөз еркіндігін шектемейді
– Мәжіліс жұмысына 7 депутат ұсынған онлайн платформалар мен онлайн жарнамаға қатысты заң жобасы Мәжілістің қарауына келіп түсті. Бұл, негізінен, болашақтағы Салық кодексі сияқты үлкен құжаттардың дайындығын қамтамасыз ету үшін әзірленіп жатқан құжат. Оған натив жарнама, таргет жарнамасы деген сияқты көптеген жаңа ұғым енгізіліп жатыр. Яғни, нақты бір мақсаты бар жарнамалар. Осыған байланысты нақты баптар енгізіліп жатыр. Осының негізінде мемлекеттік органдарымыздың, қаржы органдары, салық органдары бәрі тиісті топтармен, тиісті мүдделі ұйымдармен жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
Дегенмен менің ойымша, бұл жерде ең бірінші – әділеттік мәселесі. Мысалы сіз жалақы алсаңыз да, жарнама берсеңіз де оның салығын төлейсіз. Ал кей азаматтар заңнаманың осал тұсы мен олқылығын пайдаланып, салықтан жалтарып, тікелей ақша алып жатқан жайттар аз емес.
Осы заң арқылы жекелеген тұлғалардың құқығын қорғауға мүдделіміз. Мәселен, сіздің әлеуметтік желіде парақшаңыз бар делік. Өзіңіздің пікіріңізді еркін білдіресіз. Бірақ сіз осы үшін ақша алып, жарнама беретін болсаңыз, сіз, біріншіден оны заңдастыруыңыз керек, екіншіден, арнайы жарнама деген белгі қоюыңыз керек. Газет, сайт, телеарнадағы контенттерді қарапайым азамат ненің – жарнама, ненің PR материал екенін анықтай алатыны сияқты, әлеуметтік желіде де айқын көрініп тұруы керек.
Екіншіден, бұл заң қабылданып, Президент қол қоятын болса, онлайн платформалардың жұмысы осы арқылы реттелетін болады. Яғни, қолданушының саны белгіленген аудиториядан асқаннан кейін бұл онлайн платформа кем дегенде 3-4 мәселені қамтамасыз етуі керек.
Әуелі біздің мемлекеттік органдар мен мемлекеттік тілді дамыту бағытында бірігіп жұмыс істеуі керек. Яғни, кез келген әлеуметтік желінің контенті қалай орыс тілінен испан тіліне немесе испан тілінен орыс тіліне аударылатын болса, қазақшаға да солай аударылуы керек.
Содан соң заңсыз контент болса, оны өздері модерациялайтын деңгейге жетуі керек. Мекемелерінде, компанияларында қазақ тілін білетін мамандар болуы керек. Бұл мәселені 2 жылдан бері көтеріп келеміз, қазір нәтижеге қол жеткізіп жатырмыз. Мәселен, TikTok-тың қазақстандық нарыққа қызығушылығы зор.
Үшіншіден, тағы бір маңызы – жалған ақпарат таратушыға қатысты баптарды сәл де болса жеңілдетеміз. Яғни, жазаны жұмсартып жатырмыз. Тиісті кодекске өзгерістер енетін болады.
Сонымен қатар болашақта жаңа салық кодексі қабылданғанда, салық институттарына жақсы мүмкіндіктер беретін, кімнің-кім екенін, қаржы пирамидасы ма, қайырымдылықпен айналыса ма, анықтауға жеңіл болатын жағдайлар жасалады. Қазір білеміз, халықтан миллиардтаған қаржы жинап жатады, оның қайда кетіп жатқанын тағы білмейміз, одан салық та төлемейді. Негізі, заң осыған бағытталған.
Тағы ерекше, баса айтатын мәселе – бұл заң баспасөз бостандығына, сөз еркіндігіне ешқандай қиянат жасамайды, шектемейді. Бұл заң осы саладағы қаржылық-салықтық, ұйымдастыру мәселелерін шешуге арналған. Сессияның соңына дейін қабылданады деп жоспарлап отырмыз, әлі талқыланады, жан-жақты қаралады, сала мамандарымен кеңесетін боламыз.