Бурабайда Шынарбек Батырхановтың құрметіне халықаралық конференция өтті

Бурабай курорттық аймағында «Қазақстан туризмі: жай-күйі және перспективалары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының туризм саласының еңбек сіңірген қызметкері, құрметті профессор Шынарбек Бүркітбайұлы Батырхановтың мерейтойына арналды.
Конференция жұмысына 150-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында ғылым докторлары, академиктер, мемлекеттік органдардың, туристік индустрия мен іскерлік қауымдастықтың өкілдері болды. Қонақтардың ішінде Е.С. Никитинский, О.Б. Мазбаев, В.Н. Вуколов, Х.Ж. Байшагиров, А.Т. Хусаинов, сондай-ақ Мәскеуден арнайы келген Халықаралық Ресей туризм және өлкетану академиясының президенті де бар.
Қатысушыларға арнап Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов, ҚР Туризм және спорт министрлігінің және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының өкілі Даниэль Сержанұлы, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП Орталық аппаратының өкілі Д.Б. Құнанова құттықтау сөз сөйледі. Олар мерейтой иесін құттықтап, ресми құттықтау хаттарын табыс етті.
«Туризм – экономиканың өсім нүктелерінің бірі. Бұл – тек инвестиция ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындары, инфрақұрылым және елдің имиджі. Шынарбек Бүркітбайұлының саланың дамуына, кәсіби кадрлар даярлауға және өңірлік туризмді ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалаймыз», — деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов.
Пленарлық отырыс пен сессиялар барысында қатысушылар туристік саланы дамытудың өзекті мәселелерін, Мемлекет басшысы айтқан тапсырмалардың орындалуын, тұрақты туризм, экологиялық бастамалар, Каспий теңізіндегі круиздер, балалар демалысы, цифрлық шешімдер мен туризм саласындағы жаңа басқару тәсілдерін талқылады.
Конференцияға Түркия, Польша, Болгария және БАӘ-ден шетелдік қатысушылар онлайн режимде қосылды. Олар да мерейтой иесін құттықтап, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қатысты өз ойларын ортаға салды.
Шынарбек Бүркітбайұлы Батырханов «Адал еңбегі үшін» медалімен, «Мәслихаттарға 30 жыл» мерейтойлық медалімен, Ш.Уәлиханов атындағы университеттің естелік медалімен марапатталды. Сондай-ақ оған Халықаралық Ресей туризм және өлкетану академиясының Құрметті академигі дипломы табысталды. Дипломды академияның өкілі Д.В. Смирнов салтанатты түрде тапсырды.
Сондай-ақ, мерейтой иесінің кәсіби қызмет жолына арналған фотокөрме ұйымдастырылды. Құттықтау лебіздер Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Талдықорған және басқа да өңірлерден келген әріптестер мен достар тарапынан айтылды.
Конференция аясында Ш.Б. Батырхановтың «Туризм — немесе ерекше салаға арналған өмір» атты автобиографиялық кітабының тұсаукесері өтті.
Кітаптың әр данасы автордың қолтаңбасымен қатысушыларға тарту етілді.
Конференция туризм саласын дамытудың маңызды алаңына айналып, бұл бағытқа өмірін арнаған азаматтың еңбегіне көрсетілген құрметтің айқын көрінісі болды.