БЖЗҚ: Жинақтың 50 пайызын жеке басқаруға бермек

0
124

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін пайдалану мүмкіндігінің нәтижесінде, біраз азамат үйлі болып, ем-дом алып, жырғап қалды. Кәдімгідей көмек болды. «Әй, бір 3 млн теңге болса, әуп деп түрегеліп кетер едім» деп жүрген қоғамның біраз мүшесінің қопаң-қопаң етіп қалғанын қайтіп жасырайық. Экономистер мұндай жеңілдетілген жобалардың экономикаға ауыр тиетінін айтып, зар қағады. Тіпті былтырдан бергі үй бағасының қатты қымбаттап кетуін осы БЖЗҚ-дан ақша шығарумен де байланыстырады.

Жалпы, азаматтарды бүйтіп жарылқағанша, одан да олардың әл-ауқатын көтеруге күш салайық, сонда олар өздері-ақ пәтер сатып алып, еш алаңсыз емделмей ме дейтіндер бар. Бұл да рас сөз. Бірақ мемлекет БЖЗҚ ақшасын бағыттайтын көмекті ақыры қолға алды екен, ендеше, соңына дейін неге бақытқа бөлемейді дейміз ғой баяғы. Орта жолға келгенде жеткіліктілік шегін көтеріп жіберді де, жинаққа қол жеткізу қайда, жиналған сомасы – алынуға тиіс соманың маңына да жуымай қалды. Сөйтіп, мемлекеттің бұл жобасы шартты түрде тәуір жалақы алып, тәуір өмір сүретін байларға арналған бағдарлама болып шыға келді.

– Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану бағдарламасы басталғалы бері қордан 3,2 трлн теңге алынған және соның басым бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге жұмсалған. Соған қарамастан азаматтардың БЖЗҚ-дан әлі 600 млрд теңге алу мүмкіндігі бар. Қазір азаматтар ай сайын шамамен 8-15 млрд теңге аралығындағы қаражатты тұрғын үй алуға немесе емделуге аударып жатыр, – дейді БЖЗҚ басшысы Жанат Құрманов.

Енді мемлекет жеткіліктілік шегінен асып түсерлік жинағы бар бақытты жандарға арнап тағы бір игілік жасамақ ниетте. Зейнетақы активтерінің 50 па­йызын басқару құқығын салымшылардың еркіне беру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл үшін шетелдік жеке компаниялар тартылмақ.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабе­ко­ваның айтуынша, салымшы өз қалауы бойынша жинаған жи­нақ­тың 50 пайызын жеке бас­қа­руға тапсыра алады.

«Жеткіліктілік шегінен асқан жағдайда салымшылар бұл функцияны өмір сүру жағдайларын жақсартуға немесе емделуге ақы төлеу үшін пайдалана алады. Салымшы жинақ сомасының 50 пайызға дейінгі бөлігін жеке басқарушы компанияларға аудару мүмкіндігі ең төменгі жеткілік­ті­лік шегін есептеу кезінде еске­рі­леді. Жинақ ақшаның бір бөлігін Ұлттық банктен жеке бас­­қарушы компанияларға беру ин­весторлар үшін әртүрлі ме­нед­жер арасындағы бас­қа­ру стилін әртараптандыру ар­қылы өз активтерін басқару тиім­ділігін арт­тыруға қосымша инвес­ти­ция­лық мүмкіндік болады», дейді Ә.Молдабекова.

Жаңадан енгізіліп жатқан та­лап­тар жеке компаниялар үшін қаржы құралдарының тізбесін және жеке басқарушы компа­ния­лардың зейнетақы актив­те­рін басқаруға қабылдау кри­те­рий­ле­рін кеңейтуді де көздейді.

«Жеке басқарушы­ компанияларда БЖЗҚ салым­шы­ла­ры­ның қаражатын инвестиция­лайтын инвестициялық стратегия жеткілікті деңгейде тең­ге­рім­ді болуы керек. Ол қазіргі ин­вестициялық стратегияға не­гіз­деледі, бірақ зейнетақы ак­­тив­тері ұзақ мерзімде табыс­ты­­лықты көрсету үшін кейбір мүм­кіндіктер кеңейтіледі», дейді Ұлттық банк өкілі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиеваның айтуынша, қазіргі уақытта зей­нетақы активтерін басқаратын қазақ­стандық компанияларға қо­йылатын бірнеше талап бар. Атап айтқанда, инвестициялық портфельді басқаруға лицен­зия­сының болуы керек; капитал бойынша қосымша талаптарды орындап, өз қызметтерінде заң бұзуға жол бермеуге тиіс; қазақстандық резидент ретінде ірі акционері болуы керек.

Қазір Ұлттық банк БЖЗҚ-ның 14,6 трлн теңге активін бас­қа­рып отыр. Оның 49,7 пайызы – (7,2 трлн теңге) Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына, 11,4 пайызы (1,6 трлн теңге) – квазимемлекеттік сектордың облигацияларына, 6,4 пайызы (945,9 млрд теңге) – екінші деңгейдегі банк облигацияларына, 5,5 па­йызы (812,1 млрд теңге) – шет мем­лекеттердің мемлекеттік қа­­­ры­­зына, 2,5 пайызы (370,9 млрд теңге) халықаралық қар­жы ұйым­да­рының, оның ішінде Еуро­па­лық қайта құру және даму банкі, Еуразиялық даму банкі және Азиялық даму банкінің бағалы қағаздарына инвестицияланған.

Зейнетақы қоры қаражатын тағы төрт жеке ойыншы басқарып отыр: Jusan Invest (4,2 млрд теңге), Halyk Global Markets (2,6 млрд), BCC Invest (1,5 млрд) және Centras Securities (0,9 млрд). Бүкіл кезең барысында инвестициялық портфелді басқарушы компанияларға 8,8 млрд теңге аударылған. Алайда олар әкеліп отырған кірістілік қуа­нарлықтай емес. Ұлттық банк­тің өзі басқарып отырған ак­тивтен түскен кіріс те мәз емес: 2022 жылдың басынан бері 914,1 млрд теңге болған. Алдыңғы кезеңнен (2021 жыл) 6,55 пайызға төмен. Жалпы, БЖЗҚ активтері бойынша жалпы нақты кіріс – 13,75 пайызға түсіп кеткен. 2022 жылдың со­ңын­дағы көрсеткіштерге қарасақ, «Halyk Global Markets» АҚ-ның кірістілігі – 4,15 пайыз, «Jusan Invest» АҚ – 3,73 пайыз, «BCC Invest» АҚ – 2,74 пайыз және «Сентрас Секьюритиз» 2,18 па­йыз болған көреміз.

Бұған қоса БЖЗҚ зейнетақы активіндегі валюталық үлесті 30 пайыз деңгейінде ұстап тұру үшін Ұлттық банк қаңтарда бир­­жалық саудада 120 млн дол­лар көлеміндегі шетел валю­тасын сатып алған. Осыған де­йін биыл БЖЗҚ-ның 500 млрд теңгесі «Бәйтерек» холдингіне бері­ліп, әрі қарай бизнеске несие болып бағытталатыны хабар­лан­ған еді. Осы бастама да, жалпы БЖЗҚ-ға қатысты кез келген үрдіс қоғам сынына ұшырап жатыр. Ең бірінші кезекте олардың қаражатты ин­вес­тициялық құралдарға дұ­рыс бағыттай алмай, тиісінше жеткілікті пайда таба алмай отыр­ғаны алаңдатады. Былтыр депутаттар жеткіліктілік шегін төмен­детуге қатысты ұсыныс айт­қан. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жеткіліктілік шегі елдегі ми­нималды жалақы көлеміне орай қалыптасады. Минималды жа­­лақы өсті, сәйкесінше қордан қар­жы алу шегі де ұлғаяды.

Әрине, өсіп отырған минималды жалақының да жарытымды табыс емес екенін, жала­қы­ға қосылған үстеме ақша­ны инфляцияның жалмап қойып жатқанын, ал кейбір салалар бойынша жалақының мүлде өспегенін қазір ешкімге базына қылып, дәлелдей де алмайсың. Сонда нарықта бірте-бірте қымбат инфляцияға қыңқ демейтін бай ғана қалмай ма? Демек мемлекет ұсынған кез келген бағдарлама өз-өзінен байларға арналған бағ­дарлама болып шыға келмей ме? Жақсы өмір сүргісі келген жұртқа көмектесудің бірегей жолы – өндіріс ашу, шикізат емес, да­йын өнім экспорттайтын елге айналу, адами фактор әлеуетіне жанашырлықпен көңіл бөлу екені Үкімет баяндамаларында тәп-тәуір жүзеге асып жатыр. Әзірге, соны талғажау етеміз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ