Дүние дүрмек

0
221

«Джунгли балалары»

Колумбияда ұшақ апатынан кейін 40 күн өткенде ұшақта болған 4 кішкентай бала аман табылды. Ел президенті Густаво Петро оларды «джунгли балалары» деп атады.

Төрт бала Амазонкада бір айдан астам уақыт тіршілік еткен. Балалардың әжесі Мария Фатима Валенсия Виллависенсиода тұрады. Ол балалармен тезірек қауышып, құшағына алғысы келетінін, құтқарушыларға алғысы шексіз екенін жеткізді.

Колумбия әуе күштері балаларды санитарлық көлікпен ел астанасы Боготадағы әскери-көлік әуе қолбасшылығына жеткізгенге дейін оларды ұшақта дәрігерлер тексерген.

Әуе күштерінің мәліметінше, төрт дәрігер, оның ішінде педиатр және неонатолог медициналық көмек көрсеткен. Балалар аштық пен шөлден әбден әлсіреген, олардың психикалық жағдайына да дәрігерлер баға береді.

Мектептегі соңғы ереуіл

Швециялық экобелсенді Грета Тунберг қоршаған ортаны қорғауға арналған мектептегі соңғы ереуілін өткізді.

«Мектептегі ереуілдердің 251-ші аптасы. Бүгін мен мектеп бітіремін, сол себепті климатты қорғап ереуілге шыға алмаймын. Бұл – менің мектептегі соңғы ереуілім», деп жазды Тунберг Twitter-де.

2018 жылдың тамызында Швециядағы парламент сайлауына бір апта қалғанда Грета Тунберг алғаш рет Стокгольмда климатты қорғау акциясына шықты. 15 жасар оқушы саясаткерлерді Жердегі температураның бір жарым градустан артық көтерілуіне жол бермеу үшін жедел шаралар қолдануға мәжбүрлегісі келді.

Көп ұзамай Гретаны үлгі еткен әлемдегі басқа да мектеп оқушылары жұма күндері мектептегі сабағына бармай климатты қорғау акциясына қатыса бастады. Тунберг жаһандық «Жұма болашақ үшін» қозғалысының негізін қалаушы әрі климат өзгеруінің салдарына алаңдайтын өз буынының рупорына айналды.

Мигранттарды құтқарып қалды

Италияның жағалау күзеті Ион теңізінде апатқа ұшыраған қайықтардағы мыңдаған мигрант пен босқынды аман алып қалғанын мәлімдеді.

Ауа райы жақсарғаннан кейін Италияның теңіздегі шекарасын заңсыз кесіп өтуге тырысқан мигранттар көбейген. Жағалау күзеті мен қаржы полициясының қайықтары балық аулауға арналған шағын кеме бортындағы 130-ға жуық Пәкістан азаматын құтқарды. Ақпарат бойынша, мигранттар Ливиядан шыққан.

Бұған дейін екі патруль катері Frontex кемесінің (еуропалық агенттік) көмегімен балық аулауға арналған кемеден 590-ға жуық адамды аман алып қалды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ