ДДҰ неге Қазақстанды таңдады?

0
212

Екі күн қатарынан еліміздің оңтүстігінде алғаш рет Қазақстанның төрағалы­ғымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік комитеті Тұрақты комитетінің (ӨКТК) кезекті отырысы өтті. Алматыда өткен алқалы жиынға еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге мен Еуропаның 12 елінен келген ӨКТК мүшелері мен ДДҰ сарапшылары қатысты.

Бұл – ДДҰ Еуропалық өңірлік бюро­сы­ның директоры Ханс Клюгенің Қазақ­станға алғашқы сапары емес. Жауапты лауазым иесі дипломатиялық тұрғыда болсын, мейлі достық пейілде болсын, біздің елімізге деген ықыласы айрықша екенін жасырған емес. Сондықтан болар, Ханс Клюге алғашқы амандасу лебізін «Амал құтты болсын! Көрісу құтты болсын!» деп қазақша бастады.

Еуропалық өңірлік комитетінің Тұрақты комитеті деп отырғанымыз –еуропалық өңір деңгейіндегі Өңірлік директорға кеңес, бағыт-бағдар бере­тін, ЕуроДДҰ қызметінің одан әрі даму саясаты мен негізгі бағыттарын ай­қын­дайтын ДДҰ-ның басқарушы органдарының бірі. Ал енді қазан айында ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-сессиясын өткізу үшін халықаралық құзырлы ұйым неге Қазақстанды, Астана қаласын таңдады деген сауалға келетін болсақ, оның түп-төркінін сонау 1978 жылы қабылданған Алматы декларациясынан іздеген жөн. Оған қоса ДДҰ Қазақстанды әлеуметтік қызметкер мен психолог-маманын МСАК жүйесіне кіріктірген әлемдегі бірінші ел деп есептейді. Егер мұны да місе тұтпасақ, сонау шалғайда жатқан ДДҰ-ның ТМД елдеріндегі бір кеңсесі Қазақстанда орналасқан.

Сонымен, қазан айында Қазақстанда жүздеген мемлекеттің денсаулық сақ­тау саласындағы майталмандарын тоғыстыратын айтулы оқиғаның алғаш­қы дайындығы іспетті жиында Ден­саулық сақтау министрі Ажар Ғи­ният ДДҰ делегациясын құттықтап, дүние­жүзілік ұйымның Еуропалық өңірлік комитеті Тұрақты комитетінің оты­ры­сы алғаш рет Қазақстанда өтіп жатқанына қуанышты екенін білдірді.

Министр бұл комитет Ұлыбритания, Испания, Греция, Чехия, Украина сынды Еуропадағы 12 елдің өкілдері қатысатын Еуропалық бюродағы басқарушы органдардың бірі екенін еске салды. Комитет базасында еуропалық деңгейде денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер талқыланып келеді. Комитетте бүкіл әлем бойынша денсаулық сақтау саласының жаһандық даму жолдарын талқылайтын жетекші сарапшылар бар.

Қазақстанның ӨКТК-ге төрағалығы шеңберіндегі көшпелі жиыны С.Асфен­дияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің базасында өткенін атап өткен жөн. Денсаулық сақтау министрлігі мен ДДҰ Еуропалық аймақ­тық бюросының 2024-2025 жылдарға арналған ынтымақтастығы аясындағы мәмілесінің де маңызды тұстары осы жерде талқыланды.

ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Х.Клюге алдағы қазанда Астана қаласында өтетін ДДҰ Еуропа­лық өңірлік комитетінің 73-сессиясында қандай мәселелер күн тәртібіне шығатынын саралай келе, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауы және салалық мекеменің жүргізіп отыр­ған жұмыстары республикамызды ал­ғаш­қы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің көшбасшысына айналдырып, өзге елдерге жол көрсетуші болып отырғанын атады.

«Қазақстан – әлеуметтік қызметкер мен психолог-маманын МСАК жүйесіне кіріктірген әлемдегі бірінші ел, өйткені тұрғындардың осы мамандарға деген сұранысы ұлғайды. Сондықтан біз өткен жылы министр Ажар Ғиният ханыммен бірге Есік қаласында МСАК бойын­ша ДДҰ демонстрациялық алаңын ашқан едік. Қазірдің өзінде бұл жерде Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан маман­дары медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша тәжірибе алмасу жұмыстарын бастап кетті. Биыл Есікке Армения мен Әзербайжан елдерінің де мамандары келеді», дейді Х.Клюге.

Қысқасы, шалғайда жатқан Қазақ­стан­дағы ДДҰ кеңсесінің аймаққа тигізген пайдасы бар ма деген сауалға келетін болсақ, елімізде бірінші рет мультидисциплинарлы бригадалар құрыла отырып, медициналық қана емес, әлеуметтік, оған қоса психологиялық тұрғыда көмектер көрсетіле бастаған. ДДҰ бүгінде осынау бастаманы басқа елдерге де ұсынып отыр. Сол сияқты отбасылық дәрігерлер жүйесін енгізу де осы ынтымақтастықтың жемісі екенін айта кету керек. Біздің заманымызда бұл да көкейкесті сипатқа ие мәселелердің қатарына қосылды.

«Қазіргі таңда ата-аналардың көпші­лігі баланы педиатрдың қарағанын қалап тұрады. Ал біздің нормативтік база­мыз педиатрлық учаскелер ашуға не­месе педиатр-кеңесші шақыртуға мүм­кіндік береді. Біз ДДҰ ұсынып отырған озық тәжірибелерге сәйкес ден­саулық сақтау саласының бүкіл жүйе­­сін халықтың ыңғайына, талабына бейім­деуге ұмтылып отырмыз», дейді А.Ғиният.

Карлов университетінің Бірінші медицина факультетінің өкілі, Чехия Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшысы Алена Штефлова Қазақстанды 1978 жылы қабылданған Алматы декларациясынан бастау алатын МСАК-ты дамытудың негізін қалаған ерекше ел деп есептейді. Және оның жалғасы іспетті осыдан 5 жыл бұрын қабылданған Астана декларациясы да бүкіл әлем бойын­ша медициналық-санитарлық алғаш­­қы көмектің дамуын сараптап, баға­­лап берген. Спикер бұл құжаттар Еуро­па елдері үшін де маңызды деп біле­ді. Бұл құжаттар МСАК-тың мұнан кейінгі де дамуы мен қызметіне тұғыр бола алады.

«Осылайша, биыл МСАК мәселесі мен Астана декларациясы екі негізгі халықаралық іс-шара барысында тал­қы­ланады. Біріншіден, қыркүйек айын­да МСАК мәселесі БҰҰ Бас Ассам­блеясы барысында денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамту жөніндегі жоғары деңгейдегі кеңесте талқыланатыны біз үшін маңыз­ды. Доктор Клюге, осыған байланысты біздің өңірдегі МСАК-ты дамытудағы көшбасшылығымызды ескере отырып, осы кеңесте Қазақстанның бірлесіп төрағалық етуіне қолдау сұраймыз»,  деді А.Ғиният.

Х.Клюге өз кезегінде төтенше жағ­дай­ларға қарсы іс-қимылдағы елдер­дің дайындығы, денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамтама­сыз ету, сондай-ақ өңірдегі халықтың денсаулығын нығайту мен әл-ауқатын арттыру сияқты Еуропа елдеріндегі денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер бойынша өңірлік деңгейде жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады. Осы орайда Өңірлік директор елдермен ынтымақтастықтың, техникалық қолдау көрсетудің, оқыту іс-шараларын өткізудің және тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан эпидемиялық ахуалды мониторингілеу мен COVID-19 таралуының алдын алуда қарқынды әрі тиімді жұмыс жүргізгеніне тоқталды.

Осы арада Қазақстан 2020 жылдан бері ӨКТК мүшесі екеніне және комитеттің жұмысына белсенді қаты­сып отырғанына тоқтала кету керек. 2022 жылғы қыркүйектен бастап Қа­зақ­стан Өңірлік комитеттің Тұрақты коми­тетінің төрағасы әрі бұл ел үшін үлкен мәртебе ғана емес, Қазақстан мен ДДҰ арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін айғақтайды.

Сонымен, Алматыдағы кездесу барысында ӨКТК мүшелеріне Өңірлік директордың есебі, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі, оның ішінде медициналық-санитарлық алғашқы көмек туралы мәліметтер ұсынылды, тө­тенше жағдайларға ден қою мәселе­лері, алдағы қазан айында Астана қала­сында өтетін ДДҰ Еуропалық өңір­лік комитетінің 73-сессиясы бағдарла­масының жобасы мен МСАК жөніндегі халықаралық конференция талқыланды.

Жоғарыда атап өткендей, 2023 жыл­дың 23 қазанында Астана қаласын­да Алматы декларациясының қабыл­дануының 45 жылдығы мен Аста­на МСАК декларациясының қабыл­дануының 5 жылдығына арналған Медици­налық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі халықаралық конференция өтетінін айта кеткен жөн. Оған ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетіне мүше 53 мемлекеттің өкілдерінен бөлек, бас-аяғы жүздеген елдің медицина саласындағы айтулы мамандары келеді.

Конференцияны Қазақстан Үкі­меті мен Дүниежүзілік денсаулық сақ­­тау ұйымы бірге ұйымдастырады. Кон­ференцияға 100-ден аса елдің, ха­лықаралық ұйымдардың өкілдері, денсаулық сақтау саласындағы мамандар офлайн және онлайн режімде қатысады.

Қорыта айтқанда, ДДҰ-ның әлемдік деңгейдегі жиынында мәртебелі делегация өкілдері маңызды мәселелер міндетті түрде қаралатынын алға тарта келе, бұл қай тұрғыда болса да Қазақстанға төрткүл дүниенің назарын бұрып, абырой мен танымалдылық әкелетінін айтады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз