Денис Тенсіз 5 жыл: биыл спортшы 30 жасқа толар еді

0
103

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Олимпиада-2014 қола жүлдесінің иегері, әлем чемпионатының үш дүркін чемпионы Денис Теннің өмірден өткеніне 5 жыл болды. Halyq Uni спортшының өміріне шолу жасап, қайтыс болғаннан кейінгі оқиғаларды топтастырды.

«БІРІ – АҚЫЛДЫ, БІРІ – СПОРТШЫ»

Денис Тен 1993 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ата-анасы Юрий және Татьяна Тен. Отбасының екі баласы бар. Денис Тен әлеуметтік желідегі парақшасында «Отбасымызда біреуіміз – спортшы, екіншіміз – өте ақылдымыз. Кімнің кім екенін біліп тұрған шығарсыздар» деп әзілдейтін.

Есімімді ағам таңдаған. Кейін анам әртүрлі үйірмеге берді. Әкем отбасымызды асырады. Мен олардың назарында болып, қамқорлық пен мейірімде өстім. Маған конькиде өнер көрсету мүмкіндігін сыйлады. Музыка мектебіне бардым, себебі мені күн сайын сол жаққа апаратын. Мен ата-анам ұсынған барлық мүмкіндікті пайдаландым, деп жазған еді Денис Тен туған күнінде.

Денис жастайынан музыка және спортпен шұғылданған. Алайда уақыт өте келе екеуін қатар алып жүре алмайтын болғандықтан, мәнерлеп сырғанауды қолға алған. 2003 жылы 10 жастағы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы танымал жаттықтырушы Елена Буянованың көзіне түсіп, Мәскеуге жаттығуға шақырылды.

Араға 7 жыл салып Денис Теннің өмірі түбегейлі өзгереді. Ол халықаралық деңгейдегі мәнерлеп сырғанаушылардың жаттықтырушысы Фрэнк Кэрроллмен бірге жұмыс істейді. Спортшы Калифорнияға көшіп барып, Лос-Анджелес қаласында жаттығады.

Денис Тен алғашқы ірі жеңісіне 12 жасында жетті – 2006 жылы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз болды. 2008 жылы Минскіде өткен гран-при кезеңінде үздік нәтиже көрсетті. Францияда 4-орын алды. Бұл жеңісі өз кезеңінде финалға өтіп, 5-орын алуына көмектесті. Осы жылы Тен Ресейдің астанасына мемлекеттің кубогына қатысу үшін барады. Мәнерлеп сырғанаушы IV кезеңде өнер көрсетіп, ресейлік әріптесі Владимир Успенскийдің алдын орап кетті.

16 жасында 2010 жылғы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан қатысып, ерлер біріншілігінде ең жас қатысушы атанды. 2013 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының медалін жеңіп алды. Бір жылдан кейін Олимпиада ойындарында медаль жеңіп алған тәуелсіз Қазақстанның алғашқы мәнерлеп сырғанаушысы болды.

Спортшы 2014 жылы Қазақстандағы спорт және туризм академиясын үздік бітіріп, қызыл диплом алды. Денис мұнымен шектеліп қалмай, тағы да оқуға тапсырды. Ол мұнай саласында магистратураны тәмамдауды жоспарлаған.

2017 жылы Денис Тенге «Спорт» номинациясы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы берілді. Сондай-ақ қайырымдылықпен айналысып, балаларға арнап мастер класс өткізетін.

Алайда Денис Тен 25 жасында Алматыда қайтыс болды.

СПОРТШЫНЫҢ ҚАЗАСЫ

2018 жылдың 19 шілдесінде түсте Алматының қақ ортасында мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді ұрылар пышақтап кетті. Мұз айдынын бағындырған 25 жастағы спортшы алған жарақатынан ауруханада қайтыс болды.

Сол күні Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Денис Теннің қайтыс болуына байланысты туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Қазақстанның белгілі спортшысы, 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Юрьевич Теннің қайғылы қазаға ұшырағаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Орны толмас қазаға байланысты көңіл айтамын. Таланты әлемнің көптеген елдерінде мойындалған Денис даңқты спортшы ғана емес, сондай-ақ бітімі ерекше тұлға, Қазақстанның нағыз патриоты еді. Денис Юрьевич Теннің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады, – делінген жеделхатта.

Сол жылы 21 шілдеде Алматы мен Астанада тұрғындар Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды.

Алматыда мыңдаған адам жиналып, спортшының жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Олардың арасында Америка Құрама Штаттарында жүрген спортшы Геннадий Головкин де бар.

«Бүгін талантты балаларды тәрбиелеп, өсірген ата-ана өзінің сүйікті ұлын жоғалтып отыр. Ал біз жан–жағындағыларға мейіріммен қарайтын жарқын достан айырылып отырмыз. Талантты спортшы өзінің 25 жасында спорт саласындағы жеңістерімен қатар, ұйымдастырушлық қабілетімен де есімізде қалды. Денис Тен әлемді мейірімділікке толтырып, шуақты еткісі келетін жеке тұлға еді», – деді сол кездегі мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Жиналған мыңға жуық қала тұрғын мен қала қонақтары Денис Теннің орындауындағы «She won’t be mine» әнімен орындарын тұрып спортшыны ақтық сапарға шығарып салды.

2018 жылдың қарашасында Алматыда спортшы Денис Теннің туып-өскен үйіне орнатылған мемориалды тақта ашылды. Бұл іс-шараға КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі КСРО спорт шебері, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Татьяна Тарасова, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, Денис Теннің ата-анасы мен әріптес-достары, Алматы тұрғындары қатысты.

Татьяна Тарасова Денистің Қазақстанда тұрғысы келгенін, елдің атын шығарғысы келгенін айтты.

«Өкінішке қарай Денис осы елде көз жұмды. Ол өз отанын әлемге танытты, Денистің қойылымын тамашалаған миллиондаған көрермен Қазақстанды картадан іздеп, қайда орналасқанын білді. Денис – өз халқы үшін қызмет еткен қазақтың баласы. Денистің ата-анасына қайталанбас тұлғаны тәрбилегені үшін алғысымды білдіремін. Менің көп шәкіртім болды. Денис сол тізімде бірінші орында. Бала күннен бастап өз мамандығын сүйіп, сол жолда ерінбей еңбек етті. Үздіктердің үздігі болды», – деді Тарасова.

ДЕНИС ТЕНДІ ӨЛТІРГЕНДЕР СОТТАЛДЫ

Қайғылы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, Денис Теннің өліміне қатысы бар деген күдікпен үш азамат ұсталды. Олар – Жамбыл облысының тумасы 24 жастағы Нұралы Қиясов, Қызылорда облысының 1994 жылғы тумасы Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Әйел қылмыс жасалғанын хабарламағаны үшін қамауға алынды.

Оларға қатысты сот процесі сол жылдың желтоқсанында басталды. Іске судья Кеңшілік Әбділдинов төрағалық етті, мемлекеттік айыптаушылар –  Досов Қуандық, Айдар Сибогатов.

2019 жылдың басында үш адамға сот үкімі шықты. Арман Құдайбергенов Қылмыстық кодекстің 188-бабы «Ұрлық», 192-бабы «Қарақшылық» және 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша айыпты деп танылып, 18 жылға сотталды. Ал Нұралы Қиясовқа «Адам өлтіру» және «Қарақшылық» баптары бойынша 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Жанар Толыбаева 434-бап «Қылмыс туралы хабарламау» бойынша кінәлі деп танылды. Ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталған Жанар Толыбаеваның жүкті екені іс барысында белгілі болды. Сондай-ақ оны сол сәтте 4 жастағы баласы болған. Ол екінші баласын Алматы облысы Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 түзету мекемесінде босанды.

Жанар Толыбаева баласын босанғаннан кейін бір жылдан астам уақыт бостандықта болған. Ол жазасының үштен бір бөлігін өтегеннен кейін бостандыққа шығу туралы өтініш білдірген. Алайда шешім шығарған сот жәбірленуші тарапқа бұл туралы ескертпеген. Соған байланысты ол қайта түрмеге қамалды.

Жанар Толыбаева 2022 жылы жазасын толық өтеп, бостандыққа шықты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ