Депутат отандық анимация туралы: балалар жат идеология құрбанына айналды

0
61
Фото: Ділшат Рахматуллин

– Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков отандық анимацияның қазіргі жай-күйін қозғап, депутаттық сауал жолдады.

«Жас ұрпақты ұлтымыздың дәстүрлі құндылықтарына сәйкес тәрбиелеу тетігі – отандық анимацияны дамыту. Бүгінде, қазақы ауылда туып, танымы қалыптасып келе жатқан жасөспірімдердің тілі орыс немесе ағылшын тілінде шығуда. Бұған әсер ететін фактор көп. Оның ішіндегі ең негізгісі YouTube пен TikTok-тың ықпалы зор. АҚШ, Германия, Франция, Англия, Жапония және Қытай анимация саласына стратегиялық маңыз беріп, миллиондап, тіпті миллиардтап қаржы құяды. Шығыс Азия елдері – Корея, Жапония мен Қытай анимациясы ұлттық сипатта дамыса, Еуропа мен АҚШ-та коммерциялық бағытта бизнестің бір құралына айналды», – деді Данабек Исабеков.

Халық қалаулысының айтуынша, ресейлік балаларға арналған анимациялы фильмдерді идеология құралы ретінде пайдалану үрдіске айналған.

«Оның айқын мысалы, 2020 жылы Мәскеу билігі мультимедиа саласын субсидиялауға 300 миллион рубль бөліп, анимациясының саны мен сапасын арттыруға мән берді. Соның әсерінен болар, Ресей 2010 жылы 25 мың минутқа жететін мультфильм шығарса, 2020 жылы 55 мың минуттан асырды. Ресей жылына 200 сағат анимациялық өнім ұсынса, Қытай 3 мың сағат эфир дайындайды», – дейді ол.

Сонымен қатар, депутат Пекин анимация саласына ерекше екпін беріп, анимацияның уақытын 300 мың минутқа жеткізіп, әлемде көшбасшы екенін айтты.

«Біздің балалар жат ел идеологиясының құрбанына айналып, өзінің ұлттық болмысына жат, санасына сай келмейтін өнімдерді тұтынуда. Өйткені біздің ел анимация саласында мақтана алмайды. Қазір жасөспірімдер шетел анимациясын өзінің төл туындысындай тұтынып, қалың қазақ отырған ауылдағы бесік балаларының тілі не орыс, не ағылшын тілінде шығуда. Өйткені отандық анимацияда тың ой, жаңашылдық жағы кемшін. Бұрынғы сүрлеумен жүріп, күрделі, философиялы туындылар ұсынады. Балалар мұндай туындыны қабылдай алмайды әрі қызықпайды», – деп толықтырды Д. Исабеков.

Одан әрі Мәжіліс депутаты Үкімет ұлттық анимация өнімдерін субсидиялау көлемін арттыруы керек деген ұсыныс білдірді.

«Елдегі мультипликатор маманын даярлайтын оқу орындары 2D анимациясы бойынша білім берумен шектелмей, 3D форматты игеруге басымдық беруі міндет. Кәсіби сценарист пен талантты суретшілер және IT мамандар бірлесе жұмыс істеп, сапалы анимациялық өнімдер дайындауды жолға қою маңызды. Қазір балалар тез қозғалатын, ары кетсе 10-15 секундта созылатын, өзінің дүниетанымы мен көзқарасына сай келетін, бояуы қанық дүниелерге қызығады. Ендеше, жасөспірімдердің таным-түсінігіне сай қысқа метражды анимация өнімдерін көбейту маңызды», – деді ол.

Пайымдауынша, анимация саласын заманауи талаптарға сай дамыту үшін IT мамандарды тарта отырып, идеологтар мен психологтар, керек болған жағдайда, педагогтарды тартуды ойластыру өзекті.

«Әлемдік алпауыт Disney сынды сапалы өнімдер түсіру мүмкін емес. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі бірігіп, отандық анимацияны дамытуда концепция дайындауы маңызды», – деп қорытындылады депутат.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ