Директорларды ротациялау: Артықшылығы мен кемшілігі

0
208

Елімізде қай саланың да дамуына кедергісін келтіріп келе жатқан ең үлкен мәселе сыбайлас жемқорлық екені анық. Бұл «кесел» білім беру саласын да біраз былыққа батырғаны жасырын емес. Осы тұрғыдан келгенде мемлекет тарапынан сыбайлас жемқорлықтың тамырын қиятын түрлі тетіктер қолға алынып жатыр. Мәселен, білім саласында мектеп директорларын басқа білім ұясына басшылыққа ауыстыру тәжірибесі елімізде кейінгі бір-екі жылдың бедерінде қарқынды жүзеге асып келеді.

Бұл жобаның көздеген мақ­са­ты – директорлық қыз­метте көп жыл отырған мек­теп­тің бірінші басшыларын сол лауазым бойынша басқа білім мекемесіне жіберу, сөйтіп сол арқылы білім саласында жем­қорлықтың тамыр жаюы­­­на тос­қа­уыл қою. Өйткені жасы­ратыны жоқ, елімізде пара­қорлық жайлаған ең көп сала­ның ішін­де осы білім саласы атала­­тын. Білім берумен қатар ұрпақ тәрбиесіне жа­уапты саланы жемқорлық былы­ғына батырмаудың амал-айла­сы ре­тінде осы ротациялау іс-ша­ра­сы енгізілді.

Осы орайда біз Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиевадан директорларды бір-бірімен алмастыру ісінің қалай атқарылып жатқаны және нәтижесі жөнін­де сұрап білген едік. Оның айтуынша, мегаполистің білім басқармасы ағарту саласына жауапты министрліктің рота­ция­лауға қатысты бекіткен жос­парын орындауда үлкен нәтиже көр­сеткен. Мұндай бастаманың елімізде қолға алынғаны құп­тар­лық іс болғанын айтады. Се­бебі бір мекемені ұзақ жыл бас­қару тамыр-таныстықтың жай­лауына, жемқорлықтың бе­лең алуына әкелетіні анық. Осы ретте Шымкенттегі кейбір білім ұяларында 20 жылдан аса уақыт бір орнында тапжылмай отырған директорлар болған. Сондықтан да басқарма басшысы ротация­лау шарасының енгізілуін толық­тай қолдайтынын жет­кізді. Оның пікірінше мектеп ди­рек­торы білім ұясын бас­қа­руда ұзақ отырып қалса, түбі пен­де­лікке салынып, жем­қор­лық қыл­мысының туындауына жол беріп қоюы мүмкін.

«Білім және ғылым ми­нис­­т­рі­­нің 2021 жылғы 11 қараша­дағы «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағи­даларын бекіту туралы» №559 бұйрығының талаптарына сәйкес Шымкент қаласының білім басқармасы 2022 жылы 50 мектепке дейінгі 50 ұйым жетекшісін және 68 мектеп директорын, барлығын қосқанда білім беру мекемелеріндегі 118 бас­шыны ротациялады. Бас­шы ұзақ жылдар бойы бір бі­лім беру ұйымын басқарса, бұл адамды селқостыққа, жал­қау­лыққа ұшыратады. Соның кесірінен жұмыстың қарқы­ны төмендейді, балаларды оқыту­да ізденімпаздық азаяды, ме­то­дикалық жаңа тәсілдер қолда­нылмайды. Керісінше, бас­шылық ететін ұйымның ауыс­­­­­­уы өзгерістерді енгізуге және басшының жұмыстағы тиім­ді­лігін арттыруға мүмкіндік бе­реді. Мәселен, директор бір білім беру ұйымында 7 жылдан аса уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротациялануға жатады. Осылайша, мектеп басшысының жетекшілік ету мерзімі 7 жылдан аспауға тиіс. Ашық­тық пен мөлдірлікті қам­та­­масыз ету үшін ротациялау туралы мәселені қарау білім бас­қармасы жанындағы комис­сия­ға жүктелген. Ротациялау жүйесінің тиімді жұмыс істеуі және тұтастай алғанда бұл қағи­далардың жергілікті жерлер­де дұрыс іске асырылуы үшін ми­­нистрлік тарапынан мониторинг жүргізіледі», деді Ж.Тәжиева.

Ротациялау туралы бастаманы бірінші қолдап, дирек­тор­лық қызметін басқа мектепте жалғастыруға ниет біл­дір­ген алғашқылардың бірі Ержан Төлендиев осы қадамы арқылы өзін жаңа ортада, жаңа ұжымда қайта сынап көргісі келгенін айтты. Бүгінде қала­да­ғы №88 орта мектепті басқа­ратын ол бұған дейін 2010-2022 жылдар аралығында ірге­тасы алғаш қаланған тұстан бас­­тап №86 орта білім беру ұйы­мында директор болып кел­ді. Ұстазды кейде білім саласындағы жемқорлыққа бай­­ланысты басы дауға ілігіп қалатын жайттар қатты өкін­ді­реді. Сондықтан мұндай игі іс алдағы уақытта сыбайлас жем­қорлықтың жолын бөгеп, пе­да­гогтерді қоғам алдында жүзін төмен салдырмас деген сенімде. Маманның пікірінше, цифрлық технология дәуірлеп тұрған заманда білім саласында парақорлық деректері күрт азайған. Оған бірінші кезекте педагогтер білімін бағалауда, жұмысқа қабылдауда басқа да шараларға адамның қатысуын азайтып, көбірек электронды технологияға арқа сүйеу сеп­тігін тигізіп отыр. Бұл рет­те мектеп директорларын ро­та­циялау да осыған ұқсас тәсіл­дердің біріне жатады. Мек­теп басшысының айтуын­ша, әділетті Қазақстанды құру – ұзақ үдеріс. Қоғамды ізгі, мейі­рімді, әділетті ету үшін алдымен жас ұрпақтың тәрбиесінен бастаған ләзім. Әсіресе мектеп жасындағы балалардың бо­йында кітап оқуға деген құ­мар­лықты ояту керек. Мұн­дай рухани тәрбиелік іспен ай­на­­лысатын – негізінен ата-ана. Алайда олардың тәрбие мә­се­ле­сінде көп олқылық жібе­ріп жатқанын айтады педагог.

Өз кезегінде Шымкенттегі Адал­дық алаңы жобалық кеңсе­сінің басшысы Бижан Сәдібеков үшінші мегаполисте осы күнге дейін барлық мектептің тоқсан пайызға жуық директорлары бір-бірімен креслоларын алмас­­тырып үлгергенін баяндады. Бұл жүйе білім беру ұйымында директордың өз айналасына тамыр-таныс, туыстарын жинап алу, парақорлықты, заң­сыз ақша жинауды жүйелі тәр­тіпке айналдыру секілді қыл­­мыстарды болдырмау тұр­ғы­сынан ұтымды шешім болды. Дегенмен ротациялау туралы ереженің піспеген, шикі тұс­та­ры бар екенін де жасырмады.

«Мәселен, менің жеке көз­қа­расым бойынша, бұрынғы мектеп директорының орнына әлсіз, жұмыс тәжірибесі аздау, білім ұясының кемшіліктері мен артықшылықтарын жете біл­меген басшы келіп қалса, мектептің жұмысын қожы­ра­тып алуы мүмкін. Сонымен бірге оның Еңбек кодексіне сәй­кес келмейтін тұстарының да бар екенін байқадық», деді Б.Сәдібеков.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ