Экологиялық мәселелерге арналған бейнероликтер байқауы өтті

0
22

Жетісу облысында экологиялық мәселелерге арналған бейнероликтер байқауы өтті. Ауқымды шара облыстың барлық аудандары мен қалаларында бір мезгілде ұйымдастырылып, жастар ұйымдары мен білім беру мекемелерінің белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті.

Байқау «Менің эко-күнім», «Табиғат тіл қатады», «Қоқыстан кейінгі өмір» атты үш бағыт бойынша жүргізілді. Қатысушылар экологиялық ойларын қысқаметражды бейнеформатта жеткізіп, әлеуметтік желілерге бейімделген, заманауи және креативті жұмыстар ұсынды.

Жас авторлар роликтерінде табиғатты қорғау, қалдықтарды қайта өңдеу, экологиялық мәдениет қалыптастыру сияқты өзекті тақырыптарды көтеріп, бейнебаяндарын тың идеялармен толықтырды. Байқау барысында ұсынылған жұмыстар сценарий сапасы, тақырыпты ашу деңгейі, шығармашылық көзқарас және техникалық орындалу тұрғысынан бағаланды.

Байқауда 1 орынды Ескелді ауданының командасы, 2 орынды Текелі қаласының қатысушылары, 3 орынды Сарқан ауданының өкілдері иеленді.

Байқауға 11 команда қатысып, үздік шыққан үштікке алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Шараның негізгі мақсаты – жастардың экологиялық сауаттылығын арттыру, табиғатқа деген жауапкершілікті терең сезіндіру және экологиялық мәселелерге шығармашылық көзқарас қалыптастыру.

Бұл байқау Жетісу жастарының табиғатты аялауға деген белсенді көзқарасын байқатты. Мұндай бастамалар өңірде экологиялық мәдениеттің дамуына және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қоғамдық белсенділіктің артуына ықпал ететіні сөзсіз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ