Экономика өсіп, инфляция төмендеуде – Әлихан Смайылов Қазақстанның 2023 жылғы даму қорытындылары туралы

0
541
Фото: primeminister.kz

«24KZ» телеарнасына берген сұхбатында премьер-министр Әлихан Смайылов 2023 жылғы ЖІӨ және инфляция бойынша болжамды көрсеткіштер мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі тапсырмаларының орындалуы туралы айтты.

Премьер-министрдің айтуынша, отандық экономика күрделі сыртқы жағдайларға бейімделді.

Жаһандық нарықта қалыптасқан қолайсыз факторларға қарамастан, биыл еліміздің экономикасы тұрақты өсіп келеді. Егер өткен жылды 3,2% өсіммен аяқтасақ, биылғы 11 айда экономиканың өсуі 4,9% болды. Ал жылдың қорытындысы бойынша осы өсім 5%-ға жақын болады деп күтіліп отыр, — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы экономиканың барлық негізгі салаларында оң динамика қалыптасып отырғанын атап өтті. Мәселен, құрылыста өсім 13%, саудада – 11%, байланыс секторында – 8%.

Экономикалық өсудің негізгі – драйвері инвестициялар. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15%-ға өсіп, 15 трлн теңге болды, — деп атап өтті премьер-министр.

Биылғы басты сын-қатерлердің бірі инфляция болды.

Өздеріңіз білетіндей, мемлекет басшысы Үкімет алдына инфляция деңгейін екі есе төмендету міндетін қойды. Ол үшін Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, жедел және орта мерзімді іс-шараларды іске асырды. Осы жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 9,8% маңайында болады деп күтіліп отыр. Бұл – инфляция екі есе төмендейді деген сөз. Келесі жылы біз инфляция деңгейін одан әрі, яғни 6-8%-ға дейін төмендету үшін жұмысты жалғастырамыз. Өзімізге осындай мақсат қойып отырмыз, — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар премьер-министр экономикамыздың тұрақтылығын халықаралық рейтингтік агенттіктер де растап отырғанын айтып өтті.

Олар Қазақстанның рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде белгілеп отыр. Сондықтан біздің экономикамыз сыртқы факторларға бейімделді деп айта аламыз. Дегенмен сыртқы қолайсыз факторлар әлі де экономикаға кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан Үкімет әртүрлі сценарийлерге дайын болу және қажетті шараларды қабылдау үшін әлемдегі жағдайды бақылап отырады, — деп атап өтті премьер-министр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ