Ел рәміздері – еркіндік нышаны

0
200

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы», деген болатын.

Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасы, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Ендеше, азат елдің бірден-бір нышаны саналатын рәміздерімізді құрметтеп, қастерлей білу – бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың парызы. Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап өз алдына тәуелсіз мемлекет болумен қатар, тұғыры биік Туымызбен, елдің тарихы мен құндылығын әлемге танытар Елтаңбамызбен және елдің паттриоттық сезімін оятып, рухын көтеретін Мемлекеттік Әнұранымызбен айбынды ел бола білдік.
Мемлекеттік рәміздер – әрбір ел азаматының жүрегінде өз Отаны, жері, туған халқы бар екенін зор сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін оятатын нышандар. Бұл сезімдердің астарында халықтың ғасырлар бойы қорғап, аялап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген ұлан-байтақ жері, елдің мейірімі мен сенімі, рухани тәлім мұрасы жатыр. Егеменді еліміздің қасиетті нышандарын қадірлеу – Қазақстанды Отаным деп есептейтін әрбір азаматтың парызы.
Рәміздер – біздің ұлттық арымыз бен намысымыз. Біздің мемлекеттік рәміздеріміз тарихтың тереңінен сыр тартып, бүгінгі азат елдің асқақ келбетін айшықтайды. Рәміздерге деген құрмет Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің белгісі болып табылады. Тәуелсіздігіміз баянды, бірлігіміз бекем болсын! Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезі саналатын мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бет түзеген ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай берсін! Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын, демекпін.

Д.Ғалымжанұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ