Елеусінов, Тәшкенбай, Шымбергенов: Астанада бокстан турнир өтеді

0
149
boxingkazakhstan

Астанада өтетін бокс кешінде Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері өнер көрсетеді

15 желтоқсан күні елорда төрінде алғаш рет бокстан «Чемпиондар түні IBА» – «Astana Arlans» турнирі өтеді, деп хабарлады turkystan.kz.

ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеш барысында отандық боксшылардың қатысуымен 8 қызықты жекпе-жек ұйымдастырылады. Әр айқас 6 раундтан тұрады.

Кештің басты жекпе-жегінде – 71 келі салмақта Рио Олимпиадасының чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы Данияр Елеусінов (11-0, КО 6) Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Джабулани Макхенсемен (14-2, КО 7) жұдырықтасады. Елеусінов бұған дейін 2015 жылы шаршы алаңға шыққан еді. Ал Макхенсе алғаш рет сырт елде айқасады.

Ал басты жекпе-жектің алдында 2019 жылғы әлем чемпионы және Токио Олимпиадасының қатысушысы Бекзат Нұрдаулетов (6-0, 2 KO) әлі жеңіліп көрмеген Ресей спортшысы Никита Зонмен (7-0-1, КО 5) 80 келі салмақ дәрежесінде кездеседі. 67 келіде 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов 2019 жылғы Еупопа ойындарының күміс жүлдегері, WBA тұжырымы бойынша бірінші орта салмақта 10-орында тұрған Харитон Агрбамен (12-0, КО 8) жұдырық түйістіреді.

2022 жылғы ҚР чемпионы, әрі 2023 жылғы 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында Азия вице-чемпионы Ерасыл Жақпеков 80 келіде жастар арасында Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері (19-22 жас), Нидерланды боксшысы Градус Клауспен айқасады.

Биылғы әлем чемпионы және 2022 жылғы Азия чемпионы Асланбек Шымбергенов 71 келіде мексикалық Хосе Мигель Боррегомен шаршы алаңға (20-4, КО 17) шығады.

2021 жылғы әлем чемпионатының финалисі және 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов 63,5 келіде Сербия намысын қорғайтын орыс боксшысы Павл Фёдоровпен (3-0, КО 1) айқасады.

2023 жылғы әлем чемпионы және 2021 жылғы әлем чемпионатының финалисті Махмұд Сабырхан 57 келіде кубалық Освальдо Диаспен кездеседі.

Турнир ең жеңіл салмақта әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай 51 келіде 2 дүркін Азия чемпионы, Өзбекстан спортшысы Нодиржон Мирзаахмедовтың арасындағы жекпе-жегімен басталады.

Елімізде бокс кешін — Qazsport, ал Ресейде — «Матч ТВ» каналдары тікелей эфирде көрсетеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ