Елордада «Театрлы Еуразия» халықаралық фестивалі өтті

0
117
Фото: Астана қаласының коммуникация қызметі

Елордада 5-7 шілде аралығында «Театрлы Еуразия» халықаралық фестивалі өтті.

«Театрлы Еуразия» халықаралық фестивалі қала күні қарсаңында ұйымдастырылды. Фестивальде Қазақстан, Ресей, Польша, Эстония көше театрлары өнер көрсетті. «АспектР», «СоЛу», «Черный квадрат», «Мимикрия», «Vokrug», «Король жирафы», Мұрат Мұтұрганов театры көрерменге өз шығармашылығын көрсетті, деп жазды Elorda.info.

Елорда күніне орай 100-ден астам іс-шара, оның ішінде спорттық және мәдени шаралар өткізілді. Солардың ішіндегі ең маңызды оқиғалардың бірі – көше театрларының фестивалі. Ол елордада ғана емес, Азияда алғашқы рет өткізіліп отыр. Біз бұл шараны ортақ күш-жігермен өткізгенімізге қуаныштымыз. Көрермендердің пікірлеріне сүйенсек, фестиваль сәтті өтті. Елорданың әрбір тұрғыны мен қонағы ең жарқын әсерге ие болды деп ойлаймын, – деп бөлісті Астана қаласы мәдениет басқармасының орынбасары Нұран Қамзин.

Театр фестивалі қаланың үш алаңында ашық аспан астында өтті. Іс-шараға 113 мәдени қызметкер-режиссерлер, актерлер, әкімшілер, көмекшілер қатысты.

Фестиваль аясында біз үш бағыт бойынша жұмыс жүргіздік. Бізде маңызды іс-шара – форум болды. Әрине, Азиядағы алғашқы көше театры фестивалінің орны бір бөлек. Біз Астанаға 10 театр әкелдік. Әкімдіктен орталық саябаққа дейін шеру өтті. Астанада жаңа жанрдың басталуы болды деп айтуға болады. Бұл бүкіл әлем үшін маңызды оқиға, – деді жобаның директоры және авторы Эльмира Щербакова.

Ал Эстониядан келген «Giraffe Royal» театрының көркемдік жетекшісі Станислав Варкки астаналықтардың ашықтығы мен ынта-жігерін атап өтті.

Бізге осындай жарқын мереке сыйлағаны үшін қала әкімшілігіне рақмет айтқым келеді. Фестивальге мен балалармен бірге бардым, олар керемет шоуды тамашалады. Олар іс-шараға белсенді қатысып, өздері үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Көше театрлары – бұл мәдени жүйедегі жетістік. Олар қалада тамыр жаяды деп үміттенемін», – деді елорда тұрғыны Мария Романова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Театрлы Еуразия» фестивалін келесі жылы да өткізу жоспарланып отыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ