Ескерткіш қоймасақ, есте қалмай ма? Немесе мүйіс сайын бір мүсін…

0
169

Журналистік сапарларымызда әуелі барған жердегі түрлі ескерткіштерді зерттейтініміз бар. Бәрі бірдей көздің жауын алып, жұтынып тұр десек, ақиқаттың ауылынан алыс қонған болар едік. Арасында монументтік өнер құрылысы деуге келмейтін, тарихи мән-мағынасы бұлдыр мүсіндер де кездесіп қалады.

Осындайда белгілі жазушы Дулат Исабековтің «Бонапарттың үйленуі» атты әңгімесіндегі Сырдың адам аяғы жете бермес бір иінінде жатқан ауылға Дзержинскийдің мүсінін соққандарға кейіп: «Атам заманғы милицияның бастығына ескерткіш қойып» деп бұрқылдайтын Маркен кейіпкердің еске түсе кететіні бар. «Бұл біздің ауылға келген жоқ, біздің ауыл оны танымайды да, сөйтіп, оған ескерткіш қояды. Қойса қойсын-ау, жууын айтсайшы. Өзін шинелімен қойыпты, қатпар-қатпарына тұрған шаңды кетіру құдайдың бір азабы» деген оның реніші күлкі тудыратын.

Біздің қоғамда да әбден қоздап, тіпті жағымсыз үрдіске айнала бастаған осы мәселенің алдын кесетін кесімді сөзді жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мем­­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Кейінгі кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ес­керткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс. Орынсыз шешімдерге республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек. Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жер­шілдік белең алады. Осыған назар аударыңыздар», деп ескертті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Түр­лі әлеуметтік және саяси мәсе­лелер қозғалған кеңестегі Мем­лекет бас­шысының кей адамдардың өмірінде мүлде болмаған ерлік істерге толы өмір­баяндары ойдан құрас­тырылып жатқаны жайлы сөзі де көптің көкейінде кілкілдеп тұрған мәселені дөп басты.

Құжаттарда қатталған де­ректі, ар­хивтегі анық мәлі­метті жылы жауып қойып, тарихты өзіміз жазып кеткеніміз өтірік емес қой. Ес­­керткіш тұр­ғызу, мүсін со­ғу дегеніңіз ке­шегі тоқ­са­ныншы жылдары кең етек алған құ­былыс болды. Бұл сол кезеңдегі алдын болжай алмай қиналған жұртты жұбатудың, ертеңге сендірудің бір ама­лы сияқты көрінгені де рас. Бірақ кейін­нен үлгісі теріс үрдіске айналып шыға келді. «Ау, бабамызға ескерткіш қой­масақ, ел есінде қалмай ма?» деген ешкім жоқ. Қайта «атамның аты – ауылға, кө­кем­нің аты – көшеге» деген ұстаныммен бе­рекесіз бәй­геге қойды да кетті.

Жалпы, қай нәрсенің де шекарасын білген абзал. Көп ретте осы аралықтан аттап кетіп, белгілі бір тұлғаға деген құр­метіміз көп көзіне мазақ болып көрініп жүр­гені де жасырын емес. Жиырма жыл­­дай бұрын Жалағаш кентінде даңқ­ты Бұқарбай батырдың ескерткіші тұ­ратын. Тізеден шабылғандай мықыр бей­нені – батыр, жетелеген мәстегін – тұлпары деуге аруақты ердің рухынан ұялатынбыз. Кейін ол алынып, батырдың 190 жылдығына орай облыс орталығынан еңселі ескерткіші бой көтерді.

Облыстық тарихи және мәдени ес­керткіштерді қорғау жөніндегі мекеме дерегінше, өңірде 560 тарихи-мәдени мұ­ра мемлекет қорғауына алын­ған, осының 163-і – мону­менттік өнер құрылысы. Оның дені екінші дүниежүзілік соғыс құр­бандарына арнал­ған. Тоқсан бес бюст пен ашар­шылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына, тарихи тұлғаларға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, тарихи оқиғаларға арналған 43 ес­керткіш осы мекеме қ­арауында.

– «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пай­далану туралы» Қазақ­­стан Республикасының за­ңын және «Мону­менттік өнер құ­рылыстарын орнату қағи­даларын бекіту ту­ралы» Мәдениет және спорт министрінің бұйрығын негізге аламыз. Ескерткіш, бюст, стелла орнату облыс әкім­дігі жанында тарих және мәдениет ескерткіштерін қор­ғау жөнін­дегі комиссияның ұсыны­сы не­гізінде Мәдениет және спорт министр­лігі жанында Монументтік өнер құ­рылыстарын орнату жөніндегі комис­сияның келісімімен жү­зеге асырылады, – дейді «Қы­зылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жө­ніндегі» КММ директоры Ерғазы Алданазаров.

Тоқсаныншы жылдардың соңында қаланың орталық алаңындағы Ленин ескерткіші алынатын болды. Жұртты дүрліктірмес үшін жергілікті әкімдік адам аяғы басылатын уақытқа туралаған «күн көсемді» көшіру таңға дейін ұлас­ты. Қалалық газеттің жас тілшісі ретінде сонда жүрдік. Таң сыз бере тұғыры тал­қан­далып, өзі қолын созған күйі шал­қасынан түскен ес­керт­кішті Оқушылар са­райының артындағы паркке ала жө­нелген еді. Сол сая­бақты ұзақ уақыт «паналаған» кө­сем мүсіні кейін бұрынғы Те­міржолшылар пар­кінен тұ­рақ тапты. Владимир Ильич­­тің қа­ла­дағы ірілі-ұсақ­ты мү­сіндері де сол жерге топтас­ты­рылды. Шетсіз, шексіз құр­­меттің соңы осылай аяқ­талатыны бар кейде.

Қазір облыс орталығында кеңестік кезең қайраткерлеріне қойылған бюст көп. Енді тоқтам салмасақ, мүйіс сайын бір мүсін тұратын елге айналатын түріміз бар.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз