Газдандыру баяу. Көңіл де содан қаяу

0
114

Мұнай мен газдың үстінде отырсақ та газдандыру деңгейі бойынша ЕАЭО-дағы елдерге де ілесе алмай келеміз. Түбегейлі өзгерістерге қол жеткізу үшін газ жобаларын қаржыландыруды 17 есе ұлғайтып, салаға 4,3 триллион теңге инвестиция бағыттау қажет екен.

Energyprom порталының талдауы бойынша елімізде көгілдір отынды 19,7 млн халықтың тек 11,6 миллионы (59%-ы) ғана тұтынады. Қырғызстанда да жағдай мәз емес, халықтың 38%-ы ғана осы отынға қол жеткізген. 145,5 млн халқы бар Ресейдің өзінде газдандыру деңгейі 73%-ға жеткен. Сол секілді өздері аз өндіріп, көбіне импорттайтын Беларусь газбен 97% қамтамасыз етілген. Арменияда да ешқандай газ кен орындарының жоқтығына қарамастан, газдандыру деңгейі ‒ 96%. Ал Қазақстанда газды өндіру және экспорттау үздіксіз жүргізілгенімен, ішкі газ мәселесін шешуде ілгерілеушілік баяу.

Энергетика министрлігінің статистикасына сәйкес, 2018 жылдан бастап газдандыру деңгейі 49,7%-дан 59%-ға дейін өзгеріп, динамикадағы қадам жылына небәрі 1-3 пайыздық тармақты құраған. Тиісті ведомствоның жоспары бойынша, 2023 жылдың соңына қарай газға қол жеткізетін ел тұрғындарының саны небәрі 160 мыңға өсіп, 11,8 млн адамға (барлығы 60%) жетеді екен.

59%-дық орташа көрсеткіш Қазақстанның әртүрлі аймағының газдандыру деңгейі бо­йынша қаншалықты ерекшеленетіні туралы түсінік бермейді. Еліміздің негізгі газ кен орын­дары батыста орналасқандықтан, мұнай мен газды өңірлер ‒ Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары тұрғындарының бар­лығы дерлік көгілдір отынға қол жеткізе алады. Көрсеткіштер оңтүстікте де жоғары: Алматы ‒ 99,2%, Шымкент ‒ 94,2%, Жамбыл облысы ‒ 90,2%. Алайда солтүстіктегі барлық аумақ үшін бұл игіліктің ауылы алыс. Өңір ең ірі газ құбырларынан (Бейнеу ‒ Шымкент, Қазақстан ‒ Қытай) неғұрлым алыс болса, газдандыру деңгейі де соғұрлым төмен. Сарғая күткен «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы да Орталық Қазақстанның бұл мәселесін әлі түбегейлі шешкен жоқ. Астана қаласын қамтамасыз ету 15,1% деңгейінде қалып отырса, Қарағанды және Ұлытау облыстарында бұл көрсеткіш – небәрі 1,5%. Тәжірибе көрсеткендей, магистралдық газ құбырын тарту жұмыстың жартысы ғана, оған қоса газ тарату желілерін салу керек. Өңір тұрғындары желілердің жоқтығына және құбырлар бар жерде көп құжатты қажет ететін қағазбастылыққа шағымданып жүр. Оның үстіне тұрғындарға газды тікелей үйлеріне жүргізу қымбатқа түседі.

Сонымен Энергетика министрлігіне 1 мамырға дейін солтүстік және шығыс ай­мақ­тарды газдандыру мәселесі бойынша түп­кі­лікті шешім қабылдау тапсырылды. Бірақ 30 жылдан бері «қаралып келе жатқан» мә­се­ле жақын келешекте шешіле қойса жақ­сы. Осы жылдарда Павлодар, Солтүстік Қа­зақстан, Абай және Шығыс Қазақ­стан облыстарының көп тұрғындары орталық­тан­дырылған газ атаулының көзін көрмеген. Мұнда барлық энергия көмірмен жұмыс іс­тей­тін стансалардан алынады. Кеңестік газ инфрақұрылымының қалдықтары тозған. Шығыс Қазақстан облысының 3,1% көрсеткіші 2013 жылдан кейін газ беріле бастаған шағын Зайсан ауданын газдандыру есебінен ғана қалыптасып отыр. Қытаймен шекаралас осы аумақта он жыл бұрын игерілген Сарыбұлақ мұнай-газ кен орнының қоры өте аз ‒ небәрі 5 млрд текше метр газ. Бұл кенішті бүкіл Шығыс Қазақстанның негізгі ресурстық базасы ретінде байыпты қарау үшін жеткіліксіз.

2015-2030 жылдарға арналған жаңартылған Газдандырудың бас схемасы еліміздің шығысы мен солтүстігін табиғи газбен қамтамасыз етудің бірнеше нұсқасын қамтиды. Олардың қатарында «Сарыарқа» газ құбырынан тармақ салу, сондай-ақ солтүстік-батыстан, Қостанайдан (Бұқара ‒ Орал газ құбырынан) шығысқа қарай құбырлар тарту бар. Екі жоба да энергияны көп қажет етеді және ұзақ мерзімді делінуде. Бас схема авторлары өңірде газ құбырларын тартуға шамамен 10 жыл қажет деп отыр. Айтуларынша, газдандыруды табиғи емес, сұйытылған газдан бастаса, үдерісті жылдамдатуға болады. Алайда ол үшін табиғи газды сұйыту зауытын салып, сұйытылған газдан табиғи газға қайта газдандыру үшін сұраныс пен ішкі инфрақұрылымды кезең-кезеңімен қалыптастыруды бастау қажет.

Сондай-ақ Омбыдан Павлодар арқылы Семей мен Өскеменге тармақ салатын немесе Барнаулдан Семейге, одан Павлодарға келетін Ресей бағытын да пайдалануға болады. Бұл жоспарлар көптен бері талқыланып келе жатқанымен, нақты бір шешім қабылданған жоқ. Бұл жерде мәселе Ресей билігіне байланысты. Қазақстан өз тарапынан импорттық газ бағасының жоғары болуын мұндай сценарийге кедергі деп санайды. Құрылысқа салынған инвестицияның қайтарымын және жоғары тарифтерді ескере отырып, мұндай газ халық үшін қымбатқа түсуі мүмкін. Ал мемлекеттік субсидиясыз газ көмірмен бәсекелесе алмайды.

Соңғы бес жылда республикамызда тарату желілері арқылы тасымалданатын табиғи газдың құны 47,5%-ға, айтарлықтай өсті. Құбыр арқылы тасымалданатын сұйытылған газ 10,3%-ға қымбаттаса, әдетте газ плиталары үшін қолданылатын баллондардағы пропан мен бутан 2017 жылдан бері 36,9%-ға қымбаттады. Баға динамикасына қарағанда, өткен жылы ол салыстырмалы түрде аз болады. Былтыр желтоқсан айында 2021 жылдың соңымен салыстырғанда табиғи газ – 1,5%-ға, сұйытылған газ 2,9%-ға қымбаттап, баллондағы газ 21,5%-ға арзандады. Соған қарамастан, 2022 жылы ел тұрғындары сұйытылған газға және басқа отынға үй шаруашылығының шығындарын 5,2% арттырды. Іріктеу зерттеу­лерге сәйкес, 2022 жылы орташа отбасы осы мақсаттарға 30,7 мың теңге жұмсаған.

Энергетика министрлігі сарапшыларының қорытындыларына сүйенсек, елді газдандыруда бірнеше өзекті проблема бар. Бұл болашақта ресурстық базаның жеткіліксіздігімен (жаңа кен орындары ашылмай, Қазақстан газ тапшылығына ұшырауы мүмкін) және геологиялық барлау жұмыстарының төмен деңгейімен, жаңа газ өңдеу зауыттарының қажеттілігімен байланысты. Сенат депутаттары бұл тізімге қолда­ныс­тағы магистралдық желілердің тозуын, жер қойнауын пайдаланушылар үшін ашық емес жұмыс жағдайын және әртүрлі өңір тұрғындары үшін газ бағасының тең еместігін қосады. Кең ауқымды даму мәселелері жылдар бойы шешілмей келеді. Ал енді технологиялық серпіліс жасау үшін орасан зор қаражат қажет.

Жиынтық есептер бойынша, 2030 жылға қарай газ саласына 4,3 трлн теңге инвестиция құйылуға тиіс. Бас схеманың авторлары бұл соманы есептегенде қаржы әртүрлі санаттағы 42,6 мың шақырым газ құбыры мен екі газ өңдеу зауытының құрылысына жұмсалады деп болжаған. Бұған дейін қаражаттың басым бөлігін ‒ 2,4 трлн теңгені ұлттық оператор салуы керек, тағы 1,9 трлн теңге түрлі деңгейдегі бюджеттерден бөлінуге тиіс. Осы сомалармен салыстырғанда соңғы жылдардағы инвестицияның нақты көлемі аз екені көрінеді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2018-2022 жылдар аралығында Бас схема бойынша газ жобаларын жүзеге асыруға 243,5 млрд теңге бөлінген. 2023 жылы тағы 73,9 млрд теңге транш болады. Сарапшылар Бас схема авторлары көрсеткен 4,3 триллион теңгеге жету үшін қаржыландыру көлемін 17 еседен астам ұлғайту қажет екенін айтады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ