Геологтар съезінде айтылған 5 мәселе
Елімізде алғаш рет Қазақстан геологтарының І Съезі өтіп, оған еліміздің барлық өңірінен сала мамандары қатысты, деп хабарлайды Halyq Uni.
«ХХІ ғасырдағы Қазақстанның геологиялық қызметі: жай-күйі, проблемалары мен болашағы» тақырыбында өткен алқалы жиында саланың бірқатар маңызды және өзекті мәселелері талқыланды. ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы Серікбек Дәукей тәуелсіздік жылдарында геология саласында көңіл бөлінбегенін айтты.
30 жылда геологтар туралы бірде бір фильм, бағдарлама түсірілмеді. Президент пен премьер-министрдің деңгейінде сала мамандарымен кездесу өткізілмеді. Ел экономикасының 65 пайызын қамтамасыз етуге бастамашы болып отырған бұл мамандар ондай құрметке лайық емес пе? Кеңес заманында геологтар сыйлы мамандықтың бірі болатын. Қазір бұл саланың мамандарын ұмытты, – деді ол.
Сондай-ақ саланы дамытуға қаржының жеткіліксіз бөлініп отырғанын атап өтті.
Кен орындарын пайдаланып жатқанда, оның қорын толықтыруды да ойлау керек. Ол үшін геологияға қаржы бөлу қажет. Қазақстан геологияға әр шаршы шақырым үшін 8 АҚШ долларынан жұмсаған. Өзбекстан 98 доллар, Австралия немесе Канадан 200 доллардан астам жұмсап отыр. Геологтардың ашқан бір кен орнына кеткен барлық шығынын 100 жылда ашылған барлық кен орындары ақтайды, – деді ғалым.
Сонымен қатар ғалым ұлттық геологиялық қызметке қатысты пікір білдірді. Оның пікірінше, Ұлттық геологиялық қызметтің бірінші басшысы қызметін кемінде министрдің бірінші орынбасары басқаруы керек.
«Су, мұнай, қатты минералдар және т.б барлық геологиялық ақпараттар геология комитетінде сақталады. Осы геологиялық ақпараттардың негізінде жер қойнауын пайдалану мен оны пайдаланудың тиімділігі бағаланады. Жер қойнауын пайдалану өте өзекті мәселе. Кезінде «Қазгеология» ұлттық компаниясы құрылды. Әлі күнге дейін немен айналысатынын айқындалған жоқ. Ол геологиялық ақпаратты жинап, цифрландыру, талдау, салалық мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу сияқты жұмыстармен айналысуға тиіс. Яғни өндірістік-мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізуі керек. Мемлекеттік компанияның алдына мемлекеттік міндетті айқыпдап берсе, ешқандай тендер өткізудің де қажеті жоқ. Меніңше 20 жылда елдің геологиясын құртып жібергілері келген сияқты. Геология ел бюджетін толықтырып отырған сала. Сондықтан бұл салаға мән беретін кез келді», – деді Серікбек Дәукей.
«ҚАЗАҚСТАНДА ЕКІ-АҚ ТЕКТОНИСТ БАР»
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы Ерлан Акбаров геология саласының тұралап артта қалғанын растады.
30 жылдан бері гология саласы көлеңкеде қалып келеді. Соның нәтижесінде пайдалы қазбалардың қоры сарқылып жатыр. Кеңес кезеңінде құрылған қуатты минералды-шикізат базасы субъективті түрде мәңгі таусылмайтындай қабылданады. Біздің еліміз өкінішке қарай, өз қазба байлығының құрбаны. «Аяғымыздың астында бүкіл Менделеев кестесі жатыр» деп мақтандық. Экономиканың шикізат құрылымы бар елдер үшін пайдалы қазбалармен нормативті қамтамасыз ету 45-50 жылды құрайды. Оны біздің алдымыздағы аға ұрпақ құрды. Жаңа орындарды ашу үшін геологиялық қызметті жандандыру ерекше қажет, – деді комитет басшысы.
Еске сала кетейік, былтыр үкімет геологиялық қызметті дамыту тұжырымдамасын қабылдаған болатын. Онда аумақты геологиялық зерттелу, инфрақұрылымды дамыту, геологиялық ғылымды дамыту және саланы цифрландыру көзделген.
«Кадр мәселесі өзекті, егер білікті кадр болмаса, ресурстық базаның болғанынан мәні жоқ. Геологиялық кадрлардың жаңа толқыны жоқ. Сондай-ақ музейлердің, құпиялығы алынған геологиялық материалдардың мәселесін де шешу керек. Жұмыс істеп жатқан уақытынан бері Геология комитеті 12 рет қайта құрудан өтті. Шұғыл түрде технолгиялық карта жасауымыз керек, соған қарап мемлекет қай жаққа қарай жылжу керек екенін бағамдап отыратын болады. Өз технологияларымыз болмаса, бай ресурсты базамызбен шетелден экспорттап отыра беретін боламыз. Қазір терең өңдеуге көшуіміз керек. Ірі кен орындарының дәуірі аяқталды. Қазір біз 500-1000 метр тереңдіктегі кендерде жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан жаңа технологиялар мен принциптерді енгізетін уақыт келді», – деді Акбаров.
Сонымен қатар ол жаңа әлеуетті кен орындары, мұнай мен су көздерін ашу үшін ел аумағына тұрақты түрде сапалы геологиялық зерттеу жүргізіп отыру қажет екенін еске салды. Келесі жылы елімізде Тектоникалық кодекстің жобасын әзірлеу жоспарланып отыр. Алайда дәл осы мамандық бойынша елде маман тапшы.
Белгілі болғандай, Қазақстанда екі-ақ тектонист қалған екен. Осыдан-ақ саланың қандай жағдайда екенін бағамдауға болады. Бірегей геологиялық есептерді қайтару мәселесін қолға алу қажет. Біздің қорларымызда 80 мыңнан астам гологиялық есеп сақталған, оларға кешенді талдау жасалмаған, – деді комитет басшысы.
«ЕЛІМІЗДІҢ ТҮСТІ МЕТАЛДАР ҚОРЫ 15 ЖЫЛДАН КЕЙІН ТАУСЫЛУЫ МҮМКІН»
«Дамыған жасыл энергетикаға көшу кезінде елдер литий, сирек кездесетін және басқа да металл тапшылығын сезініп отыр. Республикада әдемде сұраныс артып отырған бұл металлардың әлеуеті барын ескерсек, оның бағасына қосылатын құны жоғары бола алады. Осы ретте Қазақстан өзінің минералды-шиікзат базасы мен оны өңдеуді дамытуға бет бұруы керек. Біз бүгінде сирек кездесетін лилий, тантал, необий, рений, титанның негізгі жеткізушілерінің бірі болып отырмыз. Шығарылатын өнім толықтай Корея, Қытай, Франция, АҚШ, Жапония, Австрия, Израильге экспортталады», – деді ӨҚМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов.
Қолданыстағы қорлар сарқылып жатыр, қазіргі кен орындары 15 жылға дейін ғана жетуі мүмкін.
Соңғы 30 жылда Кеңес одағында қалыптастырылған қорларды игердік. Бұл бізге базалық металлдардың әлемдік жеткізушілерінің ондығына кіруге мүмкіндік берді. Алайда қорлардың толықтырылмауы олардың біртіндеп сарқылуына әкеледі. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха, Юбилейно-Снегирихинское, Зырян сияқты ірі қорғасын-мырыш кен орындары толығымен игерілді. Осы себепті 65 жыл қызмет еткеннен кейін ERG «Қазақстан алюминийі» АҚ Торғай боксит кен басқармасы барлық жұмыстарды тоқтатты. Егер жұмысты осы қарқынмен жалғастыра беретін болсақ, бізді үлкен проблема күтіп тұр. Біздің есептеуіміз бойынша, егер базалық түрлі-түсті металлдарды өндіру көлемін сақтайтын болсақ, 15 жылдан кейін шикізат жетіспеушілігіне тап боламыз. Бұл факт, – деді ол.
Сондай-ақ еліміздің жетекші компаниялары қазірдің өзінде тапшылыққа тап болғанын мысалға келтірді.
«Мәселен, Үлбі металлургия зауыты әлемдегі бериллий өндірушілерінің үштігіне кіреді (АҚШ, Жапониядан кейін) және тантал өнімдерін өндірушілердің үздік төрттігінің бірі (АҚШ, Жапония, Қытайдан кейін) саналады. Бұл ретте өз қорының болмауына байланысты тантал-ниобий шикізаты көбінесе Конгодан импортталады. Қазір Бразилиядан импорттай бастады. Тереңдетілген қайта өңдеуге көшу туралы міндетке сүйене отырып, Қазақстан Еуропалық Одақтың қарауына дайын бұйымдар шығарумен металл кендерін қайта өңдеу бойынша бірлескен өндіріс құру туралы мәселені ұсынды. Ол үшін Қазақстанға бірінші кезекте отандық өндіріс шикізаттық тәуелсіздік беруі қажет. Біздің бүгінгі күш-жігеріміз орта және жоғарғы қайта бөлу өнімдерін шығаруға бағытталған технологиялық прогрессивті өнеркәсіпті құруға бағытталған», – деді Тұрар Жолмағамбетов.
Сондай-ақ техногенді минералды түзілулер туралы айта келе, көптеген қорлар жұмыс істемей тұрған кәсіпорындардың меншігінде екенін атап өтті.
Елімізде ТМО қоры өте көп, сөйте тұра өндірушілер үшін жетіспеушілік бар. …Сондай-ақ қолында қоры көп кәсіпорындар бар. Кейбір қолдағы қорлар 500-700 жылға жетуі мүмкін. Егер компанияның өндірісі болмаса, яғни кеңейтуге ақша салмайтын болса, ол қорды не үшін ұстайды деген сұрақ туындайды. Бәлкім жеке компанияны ол кен орындарына ақша салып, дамытқысы келмесе, онда ол жерді учаскелерге бөлу тәжірибесіне көшу керек шығар. Біз аз уақыт ішінде осы сұраққа жауап табуымыз керек деп оймаймын, – деді Тұрар Жолмағамбетов.
«20-30 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ КЕЛІСІМДЕРДІ ҚАЙТА ҚАРАУ КЕРЕК»
Қ.И.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының директоры Герой Жолтаев ұлттық геологиялық қызметті жандандыру қажеттігіне тоқталды.
Ұлттық геологиялық қызметті қайта түрлендіру қажет. Ол Геологиялық комиеттің басты ми орталығы болуы керек. Онда білікті геологтар, нағыз патриоттар болуға тиіс. Әр келісім-шартты жатқа білетін, мемлекеттік мүддені жоғары қоятын мамандар жұмыс істеуі керек. Инвестор елімізге қазақстандықтардың өмір сапасын көтеру үшін келеді деп ойлайсыз ба? Олар табыс табу үшін келеді. Сондықтан біз өз мемлекетіміздің мүддесін жоғары қоюымыз керек, – деді ғалым.
Бұған қоса, ол жерді пайдаланушылармен жасалған келісімдердің шарттарын қайта қарау деген пікірде.
20-30 жыл бұрын қол қойылған келісімдер ескірді. Біз қазір басқа экономикалық қарым-қатынас заманында өмір сүріп жатырмыз. Егер біз жаңа экономика құрып жатсақ, оларды өзгерту керек әрі одан ұялудың қажеті жоқ. Кейбір әріптестеріміз «кодекс пен заңдарға өзгеріс енгізсек, жұмыс істеу қиын» деп спекуляциямен айналысады. Бұл өзгерістен қорқып керек емес. Әлем өзгеріп жатыр. Тіпті, еліміздің басты құжаты – Конституцияға да өзгеріс енгізіп алдық қой. Кодекс пен заңның қасында келісім-шарт ол жұмыс құжаты, оны түзетіп отыруымыз керек, – деді Жолтай.