Үгіт-насихат жұмыстарына бюджеттен қанша ақша бөлінеді?

0
137

Орталық сайлау комитеті кезектен тыс сайлауда Мәжіліс және мәслихат депутаттығына кандидаттардың республикалық бюджеттен жабылатын шығыстарының мөлшерін бекітті.

ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина нақтылағандай, республикалық бюджет қаражатынан кандидаттардың сайлауалды бағдарламалармен БАҚ-та сөйлеуге, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға арналған шығыстары, сондай-ақ кандидаттардың ОСК белгілейтін мөлшердегі көлік шығыстары жабылады. Партиялық тізімдер бойынша үміткерлерге республикалық бюджет қаражатын бөлу көзделмейді.

«Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар үшін партиялық тізімдер бойынша үміткерлерден басқа шығыстардың мөлшері 950 000 теңге көлемінде белгіленеді. Оның ішінде бағдарламамен теледидар мен радиода сөйлеуге, сондай-ақ мерзімді баспасөзде немесе желілік басылымдарда 2 мақала жариялауға – 450 000 теңге, жария іс-шаралар өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға – 300 000 теңге, көлік шығыстарына – 200 000 теңге», деді ОСК мүшесі Сабила Мұстафина.

Облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихаттарының депутаттығына кандидаттар үшін партиялық тізімдер бойынша үміткерлерден басқа шығыстар мөлшері 550 000 теңге көлемінде бекітілді. Оның ішінде бағдарламамен теледидарда, радиода сөйлеуге, мерзімді баспа немесе желілік басылымдарда 2 мақала жариялауға – 350 00 теңге, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға – 130 000 теңге және көлік шығыстары – 70 000 теңге.

Республикалық бюджеттен жабылатын шығыстар қалалық мәслихаттарға кандидаттар үшін 350 000 теңге мөлшерінде бекітілді. Оның ішінде бағдарламамен теледидарда, радиода сөйлеуге, мерзімді баспа немесе желілік басылымдарда 2 мақала жариялауға – 200 00 теңге, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға – 100 000 теңге және көлік шығыстарына – 50 000 теңге белгіленді.

ОСК атап өткендей, барлық есептеулер БАҚ және басқа ұйымдар ұсынған бағаларды талдау негізінде жасалған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ