Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жаңа президенті сайланды

0
77
Рауан Кенжеханұлы, фото: Halyq Uni

Астана қаласында өткен халықаралық «Қазақ тілі» құрылтайына қоғамдық бірлестіктің төралқа және орталық кеңес мүшелері, Қазақстанның барлық аймағынан келген делегаттар мен елге танымал тіл жанашырлары, тілші ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Құрылтайда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жаңа президенті сайланып, ұйымның алдағы жұмыс жоспары талқыланды.

Құрылтайда ұйым президенті, қоғам қайраткері, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өткен кезеңдегі қызметі туралы баяндама жасады.

Берік Әбдіғалиұлы 2021 жылдың 26 қарашасында Түркістанда өткен қоғамның VI құрылтайында президенті болып сайланды. Бұл аралықта бірлестік Астана қалалық филиалының бастамасымен «Қазақ тілі мен мәдениеті» форумын өткізді. 1986 жылғы қасіретті оқиғаларға байланысты «Желтоқсан» деп аталатын кітап басып шығарды. «Алтын қыран» компаниясының демеушілігімен музыка сүйер ортада танымал Spotify қызметінің қолданба мәзірі мен интерфейсі қазақ тіліне аударылды. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктің филиалдар саны 135-ке дейін көбейіп, қоғамның бас кеңсесі Астана қаласына көшірілді. Қазақтілді тұтынушылардың қызмет алу құқығын қорғау мақсатында «Көрнекі» жобасы іске қосылды. Жоба кәсіпкерлік нысандардың тілге қатысты заңнаманы қатаң сақтауына ықпал етіп жатыр. Одан бөлек, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен «Народные восстания в Казахстане в 1920-1930-е годы. Монография в документах» кітабы баспаға дайындалды.

Берік Әбдіғалиұлы өзінің мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты қоғамдық бірлестік басшылығына Bilim Media Group компаниясының басшысы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлының кандидатурасын ұсынды. Құрылтай делегаттарының ашық дауыс беруімен Рауан Кенжеханұлы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті болып сайланды.

Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов жаңадан сайланған «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлының жұмысына сәттілік тіледі.

«Бұған дейін аталмыш бірлестікті филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Өмірзақ Айтбаев ұзақ жылдар басқарған болатын.

Өкінішке қарай, Өмірзақ ағамыз бүгінде арамызда жоқ. Дегенмен де, Өмірзақ Айтбайұлының «Қазақ тілі» қоғамына салған даңғыл жолын жалғастыруымыз керек.

Сондай-ақ,Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы тізгінін бүгінге дейін ұстаған Берік Әбдіғалиұлы да ана тіліміздің өркендеуі үшін орасан еңбек етті.

Осы орайда, Берік Әбдіғалиұлына қазақ тілінің дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін алғысымды білдіремін! Берік Әбдіғалиұлының ұлтымыздың, еліміздің даму жолындағы алдағы жұмыстарына тек қана сәттілік тілеймін!

Ал, міне, бүгін біз Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің басшысы қызметіне Рауан Кенжеханұлын сайлап отырмыз.

Жалпы, қоғамымызда артынан жақсы сөз еретін, өз елін шынайы сүйетін екі адам болса, соның бірі – Рауан Кенжеханұлы деп айтар едім.

Рауан – қазақ ұлтын, қазақ тілін әлемге танытып жүрген аз бауырымыздың бірі.

Ол 2011 жылы Уикипедия қауымдастығын қазақ тілінде дамытуға қосқан үлесі үшін Халықаралық «Wikimania» конференциясында бүкіләлемдік «Wikipedia» энциклопедиясының негізін қалаушы Джимми Уэйлс атынан тағайындалған «Wikipedian of the Year» (Жыл уикипедияшысы) атағымен марапатталды. Бұл марапат сол жылы алғашқы рет ұйымдастырылғанын ескерсек, Рауан Кенжеханұлы сол марапаттың тұңғыш иегері.

Рауан дамыған шетел мемлекеттеріндегі көрген тәжірибесі мен жинаған терең білімін қазақ тілінің дамуына қосады деген зор сенімдемін.

Өз басым Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жұмысының жандануына кәсіпкер ретінде атсалысуға әрқашанда дайын екендігімді жеткіземін!

YPO Kazakhstan мүшесі ретінде осы ұйымға мүше өзге де кәсіпкерлер мен еліміздің белді бизнес өкілдерін бірлестіктің жұмысына тарту қажеттілігін айтқым келеді.

Себебі, қазақ тілінің дамуы мен өркендеуі – баршамыздың алдымыздағы негізгі жауапкершілік. Ендеше, барлық елжанды кәсіпкерлерді ортақ істің, игі бастамалардың қасынан табылуға шақырамын.

Сондай-ақ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігімен тығыз жұмыс істеуге Ұлттық спорт қауымдастығының президенті ретінде мүдделес екендігімді білдіремін.

Себебі, ұлттық спорт пен қазақ тілі екеуін бөліп жаруға болмайды. Екеуі де ұлтымыздың, еліміздің – басты құндылығы әрі негізгі байлығы.

Ұлттық спорт қауымдастығы мен оның құрамына кіретін 9 Федерация бүгінде өз деңгейінде қазақ тілінің дамуына үлестерін қосып келеді.

Келесі жылы елімізде 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары өтеді.

Осынау әлемдік додаға 100-ден аса мемлекеттен спортшылар мен туристер келеді деп күтілуде.

Келуші қонақтардың жадында қазақтың спорты мен мәдениетінен бөлек қазақтың тілі де қалу керек деп ойлаймын.

Біз осы бағытта бірлесе жұмыс атқаруымыз қажет. Ол үшін алдағы уақытта Ұлттық спорт қауымдастығы мен «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» арасында серкітестік жөніндегі меморандумға қол қойып, тездетіп іске кірісіп кетуді ұсынамын.

Қазақ тілінің заманға сай дамуы мен насихатталуы, оның түсінікті әрі таза болмысын сақтап қалу қазақ елі үшін аса маңызды дүние. Бастысы бұл мәселеде масштабты ойлау мен жалпыұлттық бұқаралық жобалар жасауға басымдық беруіміз керек.

Қазақ тілі өлмейді, ол – анық дүние! Алайда, оның әлемдік деңгейде өркендеуі сіз бен бізге артылған үлкен жауапкершілік!», – деді Исламбек Салжанов.

Сондай-ақ, құрылтай делегаттарының ұсынысы бойынша Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының орталық кеңесі мен басқарма құрамы жаңартылып, толықтырылды. Атап айтқанда, орталық кеңес және басқарма құрамына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, кәсіпкер-меценат, TAS Group компаниясының басшысы Дулат Тастекеевтер кірді.

Жаңадан сайланған қоғам президенті білім беру саласындағы қазақ тілін оқыту сапасы, оқу сауаттылығын көтеру, қазақ тілінің кәсіпкерліктегі, ақпараттық технологиялардағы қолданыс аясын кеңейту, көпшілікке, соның ішінде балаларға қажетті қазақ тілді мазмұнды арттыру, тілді үйренуге және білігін жетілдіруге нитетті ортаға арналған көпшілік жобалар, қазақ тіліндегі мазмұнды цифрлы форматқа көшіру мәселелеріне ерекше ден қоя отырып, қоғам мүшелерімен бірге жұмыс істейтінін айтты. Аталған міндеттерді іске асыруға қажетті ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық және ақпараттық шаралар мен жобалар кешені дайындалады.

АНЫҚТАМА:

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ 1989 жылы 22 қыркүйекте құрылған. Ол қазақ тілін дамытуға ынталы тіл жанашырларын біріктіретін Қазақстандағы ең ірі қоғамдық ұйым. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қолданыс аясын кеңейту, беделін арттыру, қазақ мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын насихаттау, тілді қолдану мен оны үйретуде жаңа технологиялық әдістерді пайдалану бағыттарында қызмет атқарады.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТІ РАУАН КЕНЖЕХАНҰЛЫ ТУРАЛЫ

Рауан Кенжеханұлының қоғамдық жұмыс, мемлекеттік қызмет пен кәсіпкерлік, дипломатия, журналистика, технологиялық бизнес саласында мол тәжірибесі бар. Ол 2014-2016 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Мемлекеттік қызметке дейін телекомпания директоры, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде бірінші хатшы, сондай-ақ, «Хабар» агенттігінің Мәскеу бюросының жетекшісі болған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің «Халықаралық қатынастар» мамандығын тәмамдаған. РФ үкіметі жанындағы Халық шаруашылығы академиясынан MBA дәрежесін алған. 2010-2011 жылдары Гарвард университетінің Weatherhead Center for International Relations орталығының арнайы бағдарламасы бойынша білім алған.

Рауан Кенжехаұлының бастамасымен интернеттегі қазақ тіліндегі мазмұнды дамыту және оған қолжетімділікті арттыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асқан. 2011 жылы оның бастамасымен құрылған WikiBilim қоғамдық қоры «Қазақша Wikipedia» жобасын іске асырды. Екі жылдық жұмыс нәтижесінде Уикипедиядағы қазақша мақала саны 7 мыңнан 200 мыңға дейін артты. Қазір қазақша Уикипедия бөлімі айына 14-15 миллион рет қаралады.

2014 жылы Рауан Кенжеханұлының ұйымдастыруымен қазақ тілі Google Translate жүйесіне қосылды.

Сондай-ақ, қазақ тіліндегі кітап қорын, соның ішінде көркем және ғылыми әдебиетті цифрлы форматқа өткізуге бағытталған KITAP – Қазақстанның ашық кітапханасы, студенттерге арналған OPEN_U – «Қазақстанның ашық университеті» сынды ауқымды жобалар жүзеге асырылды.

2017-2021 жылдары Рауан Кенжеханұлы басқарған «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясы аясында әлемнің ең үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аударып таратты. Сонымен қатар, қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясын БҰҰ-ның 6 тіліне, Абай Құнанбайұлының шығармалар жинағы әлемнің 10 тіліне аударылып, әлемнің 100-денг аса еліне тарады. 500 мың сөз бен сөз тіркесінен тұратын OXFORD QAZAQ Dictionary (Оксфорд қазақ) сөздігі жасалды.

Ербол ТҰРЫМБЕТ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ