Хоккейден Азия чемпионы атанған спортшылар елге оралды

Хоккейден Бейжіңде екінші мәрте қатарынан Азия чемпионы атанған спортшыларымызды елорданың әуежайында құрметпен қарсы алды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
20-23 қараша күндері бәсекеде Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай елдері өзара айналмалы жүйе бойынша мықтыны анықтады.
«Ұлттық құрама үшін Азия чемпионатының маңызы зор. Біріншіден, ойыншылардың әлеуетін тексеруге жаңа мүмкіндік. Өздеріңіз байқағандай, сары құрлықтың додасына көптеген жаңа хоккейші шақырылды. Екіншіден, жаңа есімдердің шығуы. Әлем чемпионатына дайындықты қазірден бастап кеттік. Осы турнир арқылы өзге де мықты хоккейшілерді байқай алдық. Енді желтоқсан айында «Бірінші арнаның» кубогында Ресей мен Беларусь елдерімен сынға түсеміз», – деді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Жайлауов.
Отандастарымыз үш ойында да қарсыластарын қапы қалдырып, сенімді түрде чемпион атанды.
Олар алғашқы ойында Оңтүстік Кореяны 4:2, одан кейін Қытайды 5:1, Жапонияны 4:3 есебімен жеңді.
Үш ойынның қорытындысы бойынша, Қазақстан сапынан Максим Мусоров (1 шайба + 6 нәтижелі пас) ең нәтижелі ойыншы болды.
Дәл қазіргі сәтте Азия құрлығы бойынша Қазақстан (13-орын), Жапония (20-орын), Оңтүстік Корея (23-орын), Қытай (25-орын) мемлекеттері әлемдік рейтинг кестесінде тұр.
Сары құрлықтың додасы ең алғаш рет 2024 жылы Алматы қаласында басталып, жерлестеріміз алтын жүлдені еншілеген болатын.










