2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 2,3 трлн теңгеге жетті. Ал тікелей шетелдік инвестиция көлемі 8,5 млрд АҚШ доллары болды.
Шетелдік инвестицияның негізгі бөлігі көтерме және бөлшек сауда саласына, соның ішінде автомобиль мен мотоциклді жөндеуге бағытталды. Атап айтсақ, бұл 4 млрд АҚШ доллары немесе жалпы көлемнің 47%-ы.
Қаржы және сақтандыру қызметі — 1,3 млрд АҚШ доллары (15,5%), ақпарат және байланыс саласы — 1,2 млрд АҚШ доллары (14%), сондай-ақ көлік және қойма саласы — 646 млн АҚШ доллары (7,5%) көлемінде болды.
Қалаға шетелдік инвестициялар негізінен Ресей, Нидерланд, Оңтүстік Корея, Бельгия және Қытай серіктестері есебінен қамтамасыз етіледі.
2026 жылы да қаладағы инвестициялық белсенділік сақталуда. Қаңтар-наурыз айлары аралығында инвестиция көлемі 373 млрд теңге болды.
Сонымен қатар инвестициялық салымдардың құрылымы да өзгеріп келеді. Бұрын инвестицияның негізгі бөлігі құрылыс секторына тиесілі болса, бүгінде жабдықтар саудасы мен технологиялық жаңғырту салаларында оң динамика байқалады. 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша осы бағыттағы инвестицияның үлесі 66%-ға жетті. Бұл өндірістік сектордағы инвестициялық белсенділіктің артқанын көрсетеді.
Биыл ақпан айында инвестицияның ең жоғары көлемі ақпараттық технология және байланыс саласында тіркелді. Бұл шамамен 39 млрд теңге немесе бір айдағы жалпы инвестиция көлемінің 30%-дан астамы.
Бүгінде Алматы жоғары инвестициялық белсенділігін сақтап, Орталық Азиядағы бизнесті тартатын негізгі орталықтардың бірі ретінде қалыптасып келеді.
Қаланың инвестициялық және экономикалық тұрақтылығының негізгі факторлары – дамыған инфрақұрылым, Индустриялық аймақ және бизнеске салықтық әрі кедендік жеңілдіктер ұсынатын «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы.
