Исламбек Салжанов: Ұлттық спорт – ұлттық рух, халқымыздың өмір сүру салты, тәрбие құралы

0
142
Фото: Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі

Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов Facebook-тегі парақшасына жазды,

Биыл елімізде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы аясында 20 наурыз Ұлттық спортқа арналды. Осы орайда бүгін елордадағы «Арғымақ» ат спорты сауықтыру кешенінде «Наурызнама: Ұлттық спорт күні» мерекелік іс-шарасы өтті.

«Наурызнама» онкүндігі аясында бір күннің ұлттық спортқа арналуы біз үшін қуанышты жаңалық болды. Бұл бастама біздің жұмысымызға тың серпін береді деп ойлаймын. Себебі көшпелі дала салтын ұлықтаған ұлтымыз үшін ұлттық спорт – тек сайыс қана емес, ұлттық рух, халқымыздың өмір сүру салты, тәрбие құралы. Сондықтан да Наурызнаманың бір күнін ұлттық спорт күні ретінде атап өту арқылы атқа қонса рухтанып кететін, танымы табиғатпен бітеқайнасқан халқымыздың дәстүрін жаңғыртып, жас буынның ұлттық сана-сезімін күшейте түсеміз, тереңнен тамыр тартатын асыл мұрамызды ұлықтаймыз, – деп жазды Исламбек Салжанов.

Сонымен бірге Ұлттық спорт қауымдастығының президенті аталмыш мерекеде ұлттық спорт саласында табанды тер төгіп, бабадан қалған бағзы өнерді ұрпақ санасында жаңғыртуға, оны кәсіби және бұқаралық бағытта дамытуға сүбелі үлес қосқан ардагерлерді марапаттағанын айтты. Оның айтуынша, бұл игі іс-шараны дәстүрге айналдыру деген ниет бар.

Мерекелік іс-шара аясында садақ ату, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуудан көрсетілімдер және тоғызқұмалақ пен асық атудан шеберлік сыныптары өтті. Сондай-ақ АҚШ пен еліміздің шабандоздары арасында өткен көкпар сайысы ұлттық спорт жанкүйерлері үшін нағыз тосынсый болды. Осы ретте Ұлттық спорт күніне арналған осынау іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан Астана қаласының әкімдігіне және қолдау білдірген Туризм және спорт министрлігіне алғысымды білдіремін.

Құрметті ағайын! Жаңа жылдың, жаңа өмірдің бастауы – Ұлыс мерекесі құтты болсын! Күн мен түн теңеліп, қараңғыны жарық, суықты жылу жеңген осынау шақ Отанымыздың әрбір шаңырағына құт-берекенің бастауы болып енсін! Ұлыс оң, ақ мол болсын!» – деп жылы лебізін білдірді меценат.

Наурызнама онкүндігі:

  • 14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі тойланады. Негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған мереке енді барлық аймақтарда тойланады.
  • 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.
  • 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналады.
  • 17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
  • 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі.
  • 19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.
  • 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймағында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
  • 21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.
  • 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.
  • 23 наурыз – Тазалық күні. Оныншы күн ұлттық экологиялық науқанға арналған. «Тазару» күні – мемлекеттің экологиялық түйткілдерді шешуге бағытталған іс-шараларына азаматтарды қолдау білдіруі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ