Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықЖаңалықтар

Қазақстандықтың комедиясы үздік 25 фильмнің қатарына еніп, Астанадағы AI-кино фестивалінде марапатқа ие болды

Қазақстандық Мырзахан Жұмахан алғашқы Astana AI Film Festival фестивалінде «Үздік кейіпкер» (Best Character) номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Оның It Was Just a Joke («Бұл жай ғана әзіл еді») комедиялық фильмі жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдер арасындағы халықаралық байқаудың жеңімпаздары қатарына енді.

Жеңімпаздар 3 қазанда Астанада жарияланды. Фестивальдің Гран-при жүлдесін Латвиядан келген автор иеленді.

Қазақстандықтың фильмі не туралы?

Фильмнің негізгі кейіпкерлері – ит пен оның иесінің ағасы. Оқиға қарапайым әзілден басталып, кейін олардың арасындағы жанжал шынайы соғысқа ұласады.

Мырзахан Жұмахан Best Character номинациясында жеңіске жетті. Бұдан бөлек, авторлар үздік оқиға, визуалды тіл, режиссура және концепция номинациялары бойынша да бақ сынады.

Автордың өзі бәсекелестіктің жоғары болғанына байланысты қатты толқығанын айтты.

«Мұнда талантты әрі мықты қатысушылар өте көп. Барлық қатысушы үлкен жұмыс атқарды. Сондықтан олардың әрқайсысы лайықты қарсылас болды», – деді ол.

Негізгі жүлделерді кімдер иеленді?

Фестивальдің Гран-при жүлдесі Латвиядан келген Николай Шестакқа The First Honest Day фильмі үшін берілді. Оның картинасында кейіпкердің әрекеті оның сыртқы келбетіне тікелей әсер етеді: жаман әрекеттері оны ұсқынсыздандырса, ізгі істері көркін аша түседі. Автор 450 мың доллар көлеміндегі жүлдені жаңа жобаларына инвестициялауды жоспарлап отыр.

Екінші орынды үндістандық Абхик Банерджи SITARA фильмімен иеленіп, 200 мың доллар алды.

Үшінші орын испаниялық Эрнест Десумбилаға Looking For Perseida фильмі үшін берілді. Жүлде көлемі – 100 мың доллар.

Фильмдер қалай іріктелді?

Байқауға барлығы 8 067 өтінім келіп түсті. Бұл көрсеткіш бойынша фестиваль жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдер арасындағы әлемдегі ең ірі халықаралық байқауға айналды.

Байқауға 125 елдің авторлары қатысты. Финалистерді ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одри Азуле, Қытай киноиндустриясының өкілдері және инвестор Баладжи Сринивасаннан құралған халықаралық қазылар алқасы бағалады.

Фестивальдің финалдық бағдарламасына 25 фильм енді. Іріктеу кезінде, ең алдымен, авторлық идея мен фильмнің тұтастығына мән берілді.

Жүлде қоры

Фестивальдің жалпы жүлде қоры 2 млн долларды құрады. Оның жартысы жеңімпаздарға жүлде ретінде табысталды.

Қалған қаражат инвестицияларға бағытталады. Қаржы жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін перспективалы командаларға беріледі, сондай-ақ қаражаттың бір бөлігі Қазақстандағы өндірісті дамытуға жұмсалады.

Сәйкес жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда аю атқан браконьер ұсталды

Алматы әкімі Hyundai Trans Auto зауытының жұмысымен танысты

Еңбек адамдары – мемлекеттің ең басты құндылығы