Мемлекет басшысына Орталық Азия мен Кавказда жетекші орын алатын Air Astana компаниясының операциялық және қаржылық көрсеткіштері туралы мәлімет берілді.

Ибрагим Жанлыел Президентке компанияның ұзақмерзімді даму стратегиясын таныстырды. Аталған құжат Қазақстанның өңірлік авиациялық хаб ретіндегі орнын нығайтуға және компания қызметін халықаралық деңгейде кеңейтуге бағытталған.
Air Astana бағыт санын көбейтіп, мультимодальді тасымалды дамытуды, сондай-ақ ұшу жиілігін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізуге баса мән беріледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев әуе паркін толықтыру, бағыттар желісін арттыру және тасымалдау әлеуетін нығайту секілді стратегиялық мақсаттарды тиімді іске асырудың маңызына тоқталды. Президент АҚШ және Жапония елдерімен тікелей әуе тасымалын ұйымдастыруды басымдық ретінде атады.
Мемлекет басшысы рейстің кешігуі, борттың ауысуы секілді жолаушылар тарапынан үнемі сын айтылатын мәселелерге назар аударып, қазақстандықтар жиі саяхаттайтын елдермен әуе тасымалын дамытуға шақырды.
