Көкбөрі спортынан біздің жігіттер алтыннан үмітті
Көкпардан ұлттық құрама спортшылары 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін алаңда алғашқы дайындықтарын өткізді, деп хабарлайды zamandas.kz Halyq Uni.не сілтеме жасап.
Ұлттық спорт қауымдастығының мәліметінше, көкпардан ұлттық құрама спортшылары елордадағы Ойындар өтетін «Қазанат» ипподромында көкпар және көкбөрі спорттары бойынша дайындыққа кірісті.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына көкпардан ұлттық құрама мүшелері сақадай сай. Біз Астанаға ертерек келіп, жылқылардың алаңға жылдам бейімделуіне жағдай жасап жатырмыз. Бүгін алаңмен таныстық. Сапасы өте жақсы. Әрине, дүбірлі дода өз жерімізде өтетін болғандықтан үлкен жауапкершілікті сезініп жатырмыз. Қолымыздан келгенін жасаймыз. Ең бастысы – Көшпенділер ойындарында сәтті өнер көрсетіп, алтынға қол жеткізу, – деді көкпардан ұлттық құрама капитаны Құрманбек Тұрғанбек.
«5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында дайындығымызды пысықтау үшін Астанаға келдік. Ойын алаңы көңілімізден шықты, жылқыларға да өте ыңғайлы. Дайындық жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біз соңғы рет көкбөріні 2016 жылы ойнадық. Осыған дейінгі тәжірибемізді ескерсек, көкбөрі спортынан біздің жігіттер алтыннан үмітті», – дейді көкпардан ұлттық құрама мүшесі Ұлан Байтөреев.
Көкпар және көкбөрі спортынан сайыс қыркүйектің 9-ы мен 12-сі аралығында елордадағы «Қазанат» ипподромының аумағында өтеді. Әр спорт түрінен 12 қатысушы болады.
Республикалық «Көкпар» федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», JORYQ ат спорты және тағы басқа федерациялар бар. Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.
8-13 қыркүйекте Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Ойындардың бас демеушісі – ALAGEUM ELECTRIC, бас серіктесі – Halyk Bank. Халықаралық додада барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.