«Көке-жәкесі бар болғандықтан жіберді демесін». Бокстан бас бапкер Олимпиадаға кімдер баратынын айтты

0
83

Фото: massaget.kz

Бокстан ұлттық құрама мүшелері оқу-жаттығу жиынын жүргізіп жатыр. Жүктелген міндет орасан. Париж жазғы Олимпиадасының  алты жолдамасын еншілеу басты мұрат. Одан кейінгі аманат та зілмауыр. Төрт жылда айналып соғатын дүние додасынан алтын медальсіз қайтпау.  Мұндай жүктің артылуы да бекер емес. 1996 жылдан бері жазғы Олимпиада ойындарында алтынсыз қайтпаған осы  боксшыларымыз еді. Тек 2021 жылы Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарында тоқырауға ұрынып, қола жүлденің өзін толайым табысқа теңедік.

Мырзағали Айтжанов ұлттық құраманың бас бапкері лауазымына былтырғы жылдың қаңтар айында екінші мәрте тағайындалды. 2009-2018 жылдар аралығында бас бапкер қызметін атқарғанда жазғы Олимпиада ойындарынан құраманың қанжығасы қандап қайтатын. 2012 жылы  Лондонда  Серік Сәпиев сенімді ақтады, 2016 жылы Рио рингінде Данияр Елеусінов алтынмен апталды. Бас бапкер қызметін арқалап үшінші Олимпиадасына қатысатын маманға жүктелген міндет зор. Бірақ биылғы Олимпиада ойындарында ерлер 7 салмақ дәрежесінде ғана айқасады.  Дүниенің төрт тарабынан  таралғыдай тартылып келген,  іріктеу-сұрыптаудан сүрінбей жеткен жампоздардың арасынан әлгіндей жүлдені жұлып алуға аз күш кетпейді. Бас бапкер не дейді бұған? Өзінен сұрадық.

– Жігіттердің дайындық барысы қалай?

– Қазір тауда оқу-жаттығу жиынын жүргізіп жатырмыз. Физикалық  әлеуетін шыңдау мақсатында  жұмыс қарқын алды. Былтыр өткен жазғы Азия ойындарындағы сәтсіздік үшін аз сын арқалағамыз жоқ, мүйіздеу әлі де болып жатыр.

– Ақпан айының соңын ала әлемдік іріктеу турнирі өтеді. Италияға  кімдердің баратыны белгілі болды?

– Бұл сауалға қатысты жауапты мен былтыр жазғы Спартакиада басталғанда айтқанмын. «Кімдер спартакиада чемпионы болады, солар барады» деп. Бәленнің сөзі, түгеннің көзі жақсы, көке-жәкесі бар болғандықтан жіберді деген күңкіл айтылмасын деп осындай байлам жасадық. Спартакиада ойындарынан тек аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен команда капитаны, құрама лидері Асланбек Шымбергеновті ғана босаттық. Дегенмен де біз тек Спартакиада чемпиондары барады деп соларды ала қойды бөле қырыққандай меншіктеп алып  жаттығу жүргізбейміз. Құрамаға енген екінші, үшінші нөмірлі боксшылар да олармен теңдей тер төгіп әзірлік жасап жатыр. Себебі түрлі жағдай орын алуы мүмкін,  жарақат деген жау бар, ауру-сырқау жабысам десе аяқ астында, басқа да жағдай орын алуы мүмкін. Сондықтан да біз ең әуелі сақ қимылдап, қамсыз жүрмеуге үндейміз, бейберекет қыдырмауға, жиын-тойға жібермеуге күш саламыз. Себебі әлемде жолдама алып тұрып Олимпиадаға қатыса алмай қалған спортшылар көп. Сондықтан жазым деген демнің арасында.

ортаiba.sport               

– Лидерге қатысты, құрама капитаны Асланбек Шымбергеновтің денсаулығы қалай, былтырғы жылдың соңында өткен «Чемпиондар түні» жобасында мексикалық қарсыласынан нокаутпен жеңілді. 

– Асланбек мінезді боксшы, қатарға қосылып жаттығуын жасап жүр. Нокаут дегенде тура тиген соққыдан құлады. Анау айтқандай қатерлі жарақат емес, медициналық тексерістен өтіп, дәрігерлердің бақылауында болып ем-домын алды. Қазір бабында,  лицензиялық турнирге әзірлік жүргізіп жатыр.

– Рио жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы, бұл күнде кәсіпқой бокста жүрген Данияр Елеусіновті құрама қатарынан көргісі келетіндер көп.

– Ойыңды түсіндім, «лицензиялық турнирге Данияр Елеусінов баруы тиіс» дегенді де айтқандар бар. Біз ешкімге қарсы емеспіз. Ұлттық құрама сапына қосылу үшін алдымен ел чемпионатында өзіңді дәлелдеп,  мықтылығыңды паш етуің керек.  Данияр жеті жылдай кәсіпқой бокста жүр. Ол алдымен былтырдан бастап ішкі біріншілікке қатысуы тиіс еді. Құрамаға қосыламын деген боксшыларға есігіміз әрқашан айқара ашық. Мысалы бір жылдан аса уақыт кәсіпқой боксқа ауысқан әлем чемпоны Бекзат Нұрдәулетов те былтыр әуесқойларға қосылып, «қайта үйірін тапты». Спартакиадада күміс жүлдегер атанды. Қазір ұлттық құраманың мүшесі ретінде жаттығу жиынында жүр. Сондықтан қай боксшы ораламын десе біз тек қуанамыз.

– Ұлттық құрама боксшыларының жаттығу  үдерісі қалай жүріп жатыр?

– Ақпан айының соңында басталатын лицензиялық турнирге дайындықты қызу өткізіп жатырмыз. Бірлескен оқу-жаттығу жиындары да өтеді. Әзербайжан, Иран, Ирландия  елінің боксшыларымен  тізе қосып  жаттығу жүргіземіз. Наурыз айында және мамырда халықаралық турнирге қатысуды көздеп отырмыз, боксшылардың бабын сынау үшін. Одан кейін Париж Олимпиадасына қамданамыз.

– Сіз ұлттық құраманың бас бапкері  қызметін атқарған жылдары екі  Олимпиада ойындарына  боксшыларды қосып, алтын медальсіз қайтқан жоқсыз. Үшінші сында қандай міндет жүктелмек?

– Біз 2016  жылы Рио Олимпиадасынан оралған соң мен  «Токио жазғы Олимпиадасында командалық есепте көш бастаймыз» дегенді  мақтан үшін айтқам жоқ. Құраманың тегеурінін  екшей алғандықтан аузымнан сондай сөз шықты. Өйткені Рио Олимпиадасында  Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левиттің   финалдағы қайрат-күші құрбандыққа шалынып кетті. Шәкірттерімнің әлеуетін білгендіктен де осылай дедім. Бірақ 2018 жылдың желтоқсан айында өз еркіммен арыз жазып бас бапкерлік қызметті өткізуге тура келді. «Ұзақ жыл атқардың, өзгелер де  әлеуетін танытсын» деген  пікір жиі айтылды. Әкемнен мұраға  қалған қызмет емес, арызымды жаздым. Былтырғы жылдың қаңтар айына дейінгі аралықта тынығып, өзімнің өткен ізіме есеп беріп, нендей кемшілік жібердік,  қай тұста ағат кеттік соның бәрін саралап екшедім. Үзілістің орнағаны да қайырлы  болды мен үшін.  Енді сұрағыңа қатысты, бас бапкер ретінде  үшінші рет Олимпиада ойындарына қосыламын. Жүктелген міндет 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль. «Арық айтып, семіз шығуды» құп көремін, өз басым қашанда. Бәрін уақыт айқындайды.

– Көлденең кедергілер килігіп кетпесе екен дейміз, елдің намысы сыналатын додада алтыбақан алауыз болмай, жұмылған жұдырықтай ұйыса білсек,  асу бермес асқар жоқ. Сәттілік тілейміз спортшыларға.  

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ